БҰҰ: Суданда 21,2 миллион адам ауыр аштыққа тап болып отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Біріккен Ұлттар Ұйымы Суданда әскер мен Жедел әрекет ету күштері (HDK) арасындағы үш жылға жуық уақыттан бері жалғасып келе жатқан қақтығыс салдарынан 21,2 миллион адамның ауыр аштық жағдайына ұшырағанын хабарлады. Бұл туралы Анадолу жазды.

Судан
Фото: Анадолу

БҰҰ бұл мәселе бойынша америкалық X әлеуметтік желісінде есеп жариялады.

Жарияланған мәліметте үш жылға жуық уақытқа созылған қақтығыстардың салдарынан 21,2 миллион адамның аштыққа ұшырағаны айтылған:

«Екі өңірде аштықтың бар екені расталды. Сонымен қатар қақтығыстар бәсеңдеген аймақтарда БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына (WFP) қолжетімділік кеңейіп, аштық деңгейі төмендеді».

Судандағы қақтығыс

2023 жылғы 15 сәуірден бастап Суданда әскер мен шетелден қолдау тапқан Жедел әрекет ету күштері (ЖӘК) арасында қиян-кескі қақтығыстар болып жатыр.

Елдің батысындағы ең ірі қала Фашир ауыр шайқастардан кейін ЖӘК бақылауына өтті.

Қақтығыстар салдарынан ондаған мың адам қашуға мәжбүр болған бұл қалада ЖӘК бейбіт тұрғындарды күштеп көшіріп, қарусыз көптеген адамдарды өлтіріп, азаптаған. Бұл әрекеттер Жедел әрекет ету күштерінің мүшелері жариялаған бейнежазбаларда көрсетілген.

Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп Суданды «жер бетінде зорлық-зомбылық ең көп жасалатын жер» деп атап, елдегі соғысты тоқтататынын мәлімдеген

Ал БҰҰ Судан халқының үштен екі бөлігі гуманитарлық көмекке зәру екенін хабарлап, дабыл қақты.

Соңғы жаңалықтар