Біздің мұғалімдер әлемдік деңгейде танылуға лайық — Татьяна Белоусова
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы № 95 мектеп-лицейдің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусова қазір Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында жүр. Онда Global Teacher Prize халықаралық байқауының марапаттау рәсімі өтіп жатыр. Ол Kazinform тілшісіне берген сұхбатында бұл тәжірибенің өз кәсіби философиясына қалай әсер еткенін айтып берді.
— Татьяна ханым, қазір Global Teacher Prize жобасының финалындасыз. Марапаттау рәсімі қалай өтіп жатыр?
— Иә, Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында 2026 жылғы 2 ақпанда 50 финалисті марапаттау рәсімі өтті. Сол күні топ-10 мұғалім де таныстырылды. Өкінішке қарай, өзім бұл тізімге енбедім. Келесі күні әрқайсымызға сертификат берілді. Бұл құжат біздің байқаудың финалисі екенімізді растайды.
Сонымен қатар 2 ақпанда конкурстың 10 жылдығы да атап өтілді. Бұл шара өте жоғары деңгейде өтті, оған ЮНЕСКО өкілдері мен жобаның жетекшілері қатысты.
— Жалпы байқауға қатысу процесі қалай өтті? Қандай қиындықтарға кезіктіңіз?
— Халықаралық конкурстың алдында әр елде ұлттық байқаулар ұйымдастырылады. Мысалы, 2024 жылы Қазақстанда National Teacher Prize өтті. Сол байқауда мен алғашқы ондыққа кіріп, жеңімпаз атандым. Ұлттық комитет сол тізімді халықаралық конкурсқа ұсынды. Былтыр байқауға қатысып, барлық кезеңнен өттім, бірақ тек әлемнің үздік 100 мұғалімінің қатарына ене алдым. Биыл өзім үміткер ретінде қатысу жөнінде шешім қабылдадым. Конкурста мұндай мүмкіндік бар.
Байқауға қатысу үшін анкета толтырып, эссе жазып, жетістіктерді құжат жүзінде дәлелдеуге тиіссің. Барлық материал мұқият тексеріледі. Мысалы, жасанды интеллект арқылы дайындалған жауаптар қабылданбайды. Биыл бастапқыда 38 мың үміткер қатысса, тек 5 мың анкета тексеруден өтті. Солардың арасынан сұхбат арқылы финалистер таңдалды. Сұхбаттан өтіп, биыл финалға шыққаныма өте қуаныштымын.

— Сізді финалға дейін жеткізген ең маңызды сәт немесе шешім қандай болды? Конкурстың әр кезеңінде педагогикалық тәжірибеңізді қалай көрсетуге тырыстыңыз?
— Бұл байқау тек сыныптағы жұмысты бағаламайды, мұғалімнің жалпы педагогикалық қызметі де ескеріледі. Өзімнің сыныптан тыс жұмыстарымды да көрсетуге тырыстым. Қазақстандағы химия пәні оқулықтарының авторы ретінде тәжірибемді таныстырдым, Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп тапсырмалар дайындаймын, Алматы мен республика бойынша мұғалімдерге мастер-кластар өткіземін.
Сонымен қатар химия пәнінен видео-сабақтар түсіріп, YouTube, Instagram және TikTok сияқты желілерде жариялаймын. Қазіргі уақытта бұл жобаны барлық платформада күніне 25 мыңға жуық адам қарайды және оның ауқымы 113 елге таралған.
— Бұл байқаудағы жетістігіңіз сіздің мұғалім ретіндегі философияңызға немесе болашақтағы жобаларыңызға қалай әсер етті?
— Финалға шығу менің педагогикалық философияма және кәсіби жоспарларыма айтарлықтай әсер еткені сөзсіз. Бұл — мен үшін жеке жетістік қана емес, сонымен қатар Қазақстанды халықаралық деңгейде таныту мүмкіндігі. Біздің елден үш мұғалім финалға шықты, бұл еліміздегі педагогтердің жоғары кәсіби деңгейін көрсетеді.
Сондай-ақ конкурсқа қатысу арқылы әріптестеріме шабыт беріп, бұл тәжірибе жас мұғалімдерге үлгі болады деп үміттенемін.
— Жас мұғалімдерге қандай кеңес бересіз?
— Менің ойымша, осындай халықаралық конкурстарға қатысу өте маңызды. Бұл тек жеке кәсіби дамуға емес, сонымен қатар Қазақстанның білім жүйесін дүние жүзіне танытуға мүмкіндік береді. Конкурстарға қатысу арқылы мұғалім өз тәжірибесін көрсетуге, жаңашыл әдіс-тәсілдерін бөлісуге, өз жұмысын объективті түрде бағалауға мүмкіндік алады.
Жас педагогтерге айтарым — өзіңізді дамытудан, кәсіби шеберлікті көрсету мүмкіндігінен тартынбаңыз. Қазақстанның мұғалімдері әлемдік деңгейде де танылуға лайық, сондықтан тәжірибеңізді көрсетуге, өз оқыту әдістеріңізді халықаралық аренада таныстыруға тырысыңыз. Мұндай қадамдар жеке кәсіби өсуге ғана емес, еліміздің білім саласының абыройын арттыруға да үлес қосады.

Еске салайық, Алматыдағы № 95 мектеп-лицейдің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусова Global Teacher Prize 2025-2026 халықаралық байқауының қорытындысы бойынша әлемнің ең үздік 50 педагогінің қатарына енді.
Айта кетейік, Қазақстан бұл беделді байқауға бесінші рет қатысып отыр. Осы уақытқа дейін ел өкілдері, биылғы нәтижені қоса алғанда, үш мәрте әлемнің үздік 50 педагогінің қатарына енген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Татьяна Белоусованы осы жетістігімен құттықтады.
— Бұл жоғары баға — Сіздің өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие мен озық білім беру ісіне сіңірген ұзақ жылғы еңбегіңіздің жемісі. Біздің мақсатымыз — зияткер ұлтқа айналу. Сондықтан мемлекет әрдайым мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, оларды жан-жақты қолдайды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.