Cyber Challenge Kazakhstan: Қазақстанда алғаш рет киберқауіпсіздік турнирі өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — 12-13 желтоқсанда ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің ұйымдастыруымен Cyber Challenge Kazakhstan форумы өтеді. Форумда киберқауіпсіздік мәселелері талқыланатын пікірталас алаңы және күштік құрылымдар арасындағы кибертурнир ұйымдастырылады.
Форумның ашылуында Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары Константин Канцеров Қазақстан киберқауіпсіздігі — ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі екенін еске салды.
Мемлекет басшысы өз Жолдауларында еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін күшейтудің, цифрлық инфрақұрылымдарды қорғаудың және жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі тиімді дамытудың стратегиялық маңызын ерекше айтып келеді.
— Cyber Challenge Kazakhstan — күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдар командаларын біріктіретін жаңа форматтағы жарыстың ашылуымен сіздерді құттықтаймын. Мұндай шара алғаш рет өтуде және ол ұлттық киберқауіпсіздік жүйесін дамытудың маңызды бөлігіне айналды. Президент тапсырмасымен елімізде кибероқу орталықтарын құру, киберәскерлерді қалыптастыру, кадрларды даярлау және цифрлық қауіптерге қарсы механизмдерді жетілдіру дамып келеді. Біз бұл бағытта алға басып, цифрлық кеңістікті қорғаудың тұтас архитектурасын жасап келеміз, — деді К. Канцеров Астана қаласындағы Президенттік орталықта.

Бүгінгі турнирдің өткізілуі — осы жолдағы қисынды қадамдардың бірі. Cyber Challenge Kazakhstan — жай ғана жарыс емес, күштік құрылымдардың үздік мамандарының нақты сын-қатерлерге дайындығын көрсететін, жаңа шешімдер шығатын, кәсіби шеберлік шыңдалатын және ведомстволар арасындағы өзара іс-қимыл нығайтылатын алаң.
— Мұндай бастамалар мықты кәсіби қауымдастық қалыптастырудың негізіне айналады деп сенеміз. Олар елдің киберегемендігін нығайтуға үлес қоса алатын жаңа таланттарды анықтауға мүмкіндік береді. Алғашқы Cyber Challenge Kazakhstan Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық міндеттерді іске асырудағы маңызды қадамдардың бірі әрі болашақ дәстүрдің бастауы болсын, — деді К. Канцеров.
«Киберқауіпсіздік — біздің қорғаныс шебіміз» ұранымен өтетін турнир күштік құрылымдардың киберқауіпсіздік саласы қызметкерлерінің кәсіби даярлығын арттыруға, командалық өзара әрекеттестікті нығайтуға және ақпараттық кеңістіктегі келеңсіздіктерге әзір болуға бағытталған.

Турнирде командалар қала инфрақұрылымына жасалатын кибершабуылдарды шешуге тырысады. Сондай-ақ, екінші кезеңде олар қаржы секторының күрделі қауіптеріне қарсы тұруы қажет, оның ішінде банктің AI жүйесіне жасалатын prompt injection шабуылдары, деректердің ұрлануы және серіктестік желі арқылы жасалатын шабуылдар бар.
Үшінші кезеңде қатысушылар күштік инфрақұрылымға төнетін қауіптермен жұмыс істейді: құжаттардың таралып кетуі, бейнебақылауды алмастыру, СКУД жүйесін бұзу, шабуылдаушылардың желіге орнығып алуы секілді ситуациялар беріледі. Мұның барлығы Cyber Labs командасы әзірлеген Interactive Range виртуалды аймағында өтеді.

Жарысқа ҚР Мемлекеттік күзет қызметі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Ұлттық ұланы, Мемлекеттік техникалық қызмет өкілдерінен құралған 10 команда қатысады.
Еске сала кетейік, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының киберқылмысқа қарсы күреске бағытталған конвенциясын ратификациялауға ниетті.