Ұлытау әкімі өңірдегі кадрлық тағайындаулар жөнінде пікір білдірді

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өңірдегі кадр мәселесінің қалай шешіліп жатқаны жөнінде тілшілер сұрағына жауап берді. Журналистер кейбір әкімдердің жаңа лауазымға өз командасымен келетінін айтып, әкімнен кадрлық сұрақтар қалай шешілетінін сұрады.

Дастан Рыспеков
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

— Мен қызметке келгенде бес басқармада басшы болмаған. Екі басқармада қылмыстық істерге байланысты тағайындау жүргізе алмадық, ал үшеуіне жаңа басшылар тағайындалды. Бұған дейін Алматы мен Павлодар облыстарында жұмыс істеп, білікті мамандармен танысқанмын. Өзім тағайындалғаннан кейін оларды бізге келуге шақырдым. Бұрынғы орындарында олар төменгі лауазымдарда болса, бізде басқарма басшысы қызметіне көтерілді, — деп жауап берді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Ол облыста конкурс жарияланғанның өзінде үміткерлердің аз болатынын, ал кейбір конкурстарды бірнеше рет өткізуге тура келетінін жасырмады.

— Үш басқарма басшысы барлық конкурстық рәсімдерден өтіп, заң аясында жұмысқа қабылданды. Мен қызметке келгеннен бері ешбір саяси қызметкерді ауыстырған жоқпын, — дейді Д. Рыспеков.

Әкім командамен жұмыс істеуде еш жамандық жоқ екенін, өйткені «команда — банда емес, өңірдің дамуы үшін бірге жұмыс істеуге дайын ортақ мақсаты бар адамдар» екенін айтты.

Айта кетейік, Ұлытау облысының бюджеті 30 млрд теңгеге артты

Бұған дейін Д. Рыспеков Жезқазғанда ескі фабрика ғимараты кәсіпкерлерге берілетінін айтқан еді.

2026 жылы Жезқазғаннан Балқаш пен Түркістан қалаларына жаңа әуе рейстері ашылады. 

Соңғы жаңалықтар