Дәстүрлі садақ атуда Қазақстанның басты қарсыластары кім
АСТАНА. KAZINFORM – «Арғымақ» ат-спорт кешені дәстүрлі садақ ату сайысы өтіп жатыр. Бүгін Пута нысанасын көздеуде 33 мемлекеттен 180 спортшы бақ сынамақ. Қазақстан атынан 4 әйел және 6 ер спортшы қатысып жатыр.

Жарыс үш түрлі нысана негізінде өткізіледі: Пута нысанасы – ерлер мен әйелдерге 70/60 метр, Қалқан нысанасы – 60/50 метр, Жамбы нысанасы – 30 метр және командалық жарыс (30 метр) өтеді.

Пута нысанасында әр спортшыға 7 мүмкіндіктен беріледі, әр мүмкіндікте 3 минут уақыт болады және 9 жебе атылады.
Әр тиген оққа 1 ұпай беріледі, ең жоғры ұпай – 63. Ұпай сандары тең түскен жағдайда 9 жебемен тағы бір мүмкіндік беріледі. Тағы да тең түссе – нысананың ортасына ең жақын тиген оқ есепке алынады.

«Садақ атудан Қазақстан құрама командасы өз бабында тұр деп ойлаймын. Біздің елде садақ ату спорт болып енгелі үш жылдай болды және қатты қарқын алып келеді. Қазір спортшылар саны 5 мыңнан сәл асады. Бүгінгі сайыста да жүлдеді орынға үміт бар. Биыл мамыр айында Ыстанбұл қаласында өткен жарыста Айкөркем Батихан қызымыз алтын алып келді. Бұл Әлем чемпионатымен парапар ойын. Өткен жылы Қасымхан Қанат екінші орын алып келді. Оларға және қатысып жатқан Ұлттық құраманың 10 садақшысына сенім артамыз», - деді алматылық федерация өкілі, жаттықтырушы Жүкейхан Мәлік.
Сонымен бірге, спикер еліміздің басты қарсыласы кімдер екенін айтып берді.


«Садақ атуда бізге бәсекелес – Түркия, Малайзия және Қырғызстан. Олардың командалары өте мықты, әр жарыстарда орын алып жүр. Үш жылда осылармен тереземіз теңесіп, қарсылас бола алдық», - дейді жаттықтырушы.