Денис Евсеев Испаниядағы турнирдің іріктеу сайысын сәтті бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 366-ракеткасы Денис Евсеев Мурсия (Испания) челленджер турнирі іріктеу сайысының финалына шықты.
Іріктеудің 4-ракеткасы болып тіркелген Д.Евсеев бастапқы кездесуін испаниялық Давид Вега-Эрнандеспен өткізді. Қазақстандық спортшы қарсыласын 6:4, 6:3 есебімен тізе бүктірді.
Бір сағат 15 минутқа созылған бәсекеде Евсеев 1 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. Вега-Эрнандес 3 брейкпен көзге түсті.
Денис Евсеев іріктеу сайысының финалында рейтингіде 1 031-орындағы Польша өкілі Флип Печонкамен ойнайды. Оны жеңсе, негізгі жарысқа жолдама алады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 259-ракеткасы Михаил Кукушкин бірден негізгі турнирде бақ сынайды. Оның қарсыласы – рейтингіде өзінен 20 саты жоғары тұрған литвалық Эдас Бутвилас.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әмір Омархановтың Тунистегі турнирде чемпиондық атақ үшін таласатынын жазған болатынбыз.
Анна Данилина Индиан-Уэллс турнирінің финалында есе жіберді.