«Digital Kazakhstan: заманауи білім беру»: Тамыз саммитіне 500 мыңнан астам білім беру қызметкері қатысты

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа оқу жылының басталуына арналған дәстүрлі Тамыз басқосуы өз мәресіне жетті. Талқылаудың негізгі тақырыбы оқу процесін цифрландыруға және жасанды интеллектті енгізу ерекшеліктеріне арналды.

«Digital Kazakhstan: заманауи білім беру»: педагогтердің Тамыз саммиті
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев отандық білім беру жүйесінде жасанды интеллекті енгізудің алғышарттары қалыптасқанын атап өтті. Бүгінде мектептерде жоғары жылдамдықты интернетпен қамту 89% құрайды, интернеттің орташа жылдамдығы өткен жылғы 4 мбит/с-тен биыл 75 мбит/с-ке жетті. Еліміздің 1731 мектебінде Starlink жерсерігі орнатылған.

«Digital Kazakhstan: заманауи білім беру»: педагогтердің Тамыз саммиті
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

«Жасанды интеллект технологияларын білімге сауатты енгізу – оқытудың тиімділігін, жеке оқушыға бағыттылығын қамтамасыз етеді, ал бұл өз кезегінде білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Заманауи технологиялар педагогтерден білім беру процесін ұйымдастыруда жаңа ұстанымды талап етеді және оны тиімді қолдануға білім берудің барлық деңгейлері дайын болуы керек», - деді министр Нзарбаев университетінде өткен Тамыз саммитінде.

Сонымен бірге, министр білім беру ордаларының инфрақұрылымы жақсарғанын атап өтті. Бүгінде елімізде 3 мыңға жуық мектеп бір ауысымда білім беруде. Қосымша 536 оқушы орнына арналған 302 мектептің құрылысы жүруде. 1,7 миллионнан астам оқушы ыстық тегін тамақпен қамтылған.

«Digital Kazakhstan: заманауи білім беру»: педагогтердің Тамыз саммиті
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Сондай-ақ, Ғани Бейсембаев кадрлық әлеуетті арттыру мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, жыл сайын мұғалім мамандығына қызығушылық білдірушілердің қатары артып келеді. Биыл 1797 «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығын таңдаған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 269 адамға көп.

Министр келесі оқу жылында басымдық берілетін маңызды міндеттерді атап көрсетті. Бұл – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектептердің ішкі регламенті мен жарғысының сақталуы, білім алушылардың оқу үлгерімі.

«Digital Kazakhstan: заманауи білім беру»: педагогтердің Тамыз саммиті
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Пленарлық отырыс халықаралық сарапшылардың қатысуымен дискуссиялық форматта жалғасты. Сонымен бірге, тақырыптық бағыттар бойынша пленарлық секциялық отырыстар өтті.

Саммит аясында білім беру саласын жетілдіру мен дамыту бойынша цифрлық шешімдердің сандық көрмесі ұйымдастырылды. «Әлем мұғалімі» жаһандық премиясының (Global Teacher Prize) ұлттық кезеңінің жеңімпаздары таныстырылды.

Саммит соңында Оқу-ағарту министрі білім беру саласының дамуына үлес қосқан үздік педагогтерді ведомстволық наградалармен марапаттады.

Соңғы жаңалықтар