«Дикий Арман» ісін тергеу қай кезеңде тұр

АСТАНА. KAZINFORM — 2022 жылдың қаңтарында елімізде жаппай наразылықтар болып, салдарынан жүздеген адам, соның ішінде бейбіт тұрғындар, әскери қызметшілер және полиция қызметкерлері қаза тапты. Мемлекеттік ғимараттар, дүкендер, банк филиалдары мен автокөліктер қиратылып, тоналды. Осы оқиғалардан кейін құқық қорғау органдары мыңдаған қылмыстық іс қозғады. Кейбір істер аяқталса, резонансты істердің сот отырыстары әлі жалғасып жатыр. Осындай атышулы істердің бірі — Арман Жұмагелдиевке, яғни «Дикий Арман» лақап атымен танымал күдіктіге қатысты болды. Бұған дейін прокуратура Қаңтар оқиғалары кезінде оның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кураторының үйлестіруімен әрекет еткенін мәлімдеген. Kazinform агенттігінің тілшісі осы іске қатысты сот процесі қазір қай кезеңде екенін анықтауға тырысты.

«Дикий Арман» ісін тергеу қай кезеңде тұр
Коллаж: Kazinform

Қаңтар оқиғалары 2022 жылдың 2 қаңтарында Жаңаөзен қаласында басталды, онда тұрғындар сұйытылған газ бағасының күрт өсуі себепті митингке шықты. Аймақта газ бағасы екі есе қымбаттап, литрі 60 теңгеден 120 теңгеге жетті, бұл халық арасында жаппай наразылық туғызды.

Қаңтар
Фото: «Қаңтар хронологиясы» фильмінен алынған кадр

Көп ұзамай, 3-4 қаңтарда бұрын-соңды болмаған жаппай бейбіт демонстрациялар елдің басқа өңірлерін, соның ішінде Алматыны да қамтыды. Наразылық білдірушілер тек бағаларды төмендетуді ғана емес, әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерді де талап етті.

Кейін Алматыда және елдің басқа қалаларында жаппай тәртіпсіздіктер мен қиратулар басталды. Әсіресе Алматы қаласы ең көп зардап шекті, онда наразылыққа шыққандар Президент резиденциясын өртеп жіберді, әуежайды және бірнеше ұшақты басып алды. Сондай-ақ дүкендер, сауда-ойын-сауық орталықтары, банк кеңселері, телеарналар мен банкоматтар талқандалды.

Қаңтар
Фото: «Қаңтар хронологиясы» фильмінен алынған кадр

Тәртіпсіздік кезінде наразылық білдірушілер жедел жәрдем көліктерінің жүруіне кедергі жасап, медицина қызметкерлерін ұрып-соғып, ауруханаларды қиратты және полицейлердің көліктерін аударып, өртеді. Алматыда мародерлік басталды.

Қаңтар
Фото: «Қаңтар хронологиясы» фильмінен алынған кадр

Қаңтар оқиғалары туралы көптеген деректі фильм түсіріліп, телеарналардан көрсетілді. Бұл фильмдер хронологиялық ретпен Қазақстан қалаларының көшелерінде оқиғалардың қалай өрбігенін сипаттайды. Сол фильмдердің бірінің авторлары бұл кезеңді билікті басып алуға бағытталған, мұқият жоспарланған мемлекеттік төңкеріс әрекеті ретінде тарихқа енді деп мәлімдеді.

Олардың нұсқасы бойынша, бұл қастандық алдын ала жоспарланған, оны ұйымдастыруға жоғары лауазымды тұлғалар, соның ішінде күштік құрылымдардың басшылары мен қылмыстық топтар қатысқан.

Қаңтар
Фото: «Қаңтар хронологиясы» фильмінен алынған кадр

Ал «Қаңтар оқиғасы: Дерек пен дәйек» деректі фильмінде Бас прокуратура митингке қатысушыларды жинау қайда және қалай ұйымдастырылғанын көрсетті. Фильмде Алматы қаласы мысал ретінде келтіріліп, митингтерді ұйымдастырушылардың алдын ала жасалған режиссерлік жоспар бойынша әрекет еткені айтылды.

2023 жылдың қаңтарында Бас прокурор Берік Асылов «басқарылатын хаос кезінде еліміздің жоғарғы басшылығын ауыстыруға бағытталған операция тыңғылықты жоспарланғанын» мәлімдеді. Ол 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларының мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті болғанын атап өтті. Берік Асыловтың айтуынша, Қазақстандағы қаңтар тәртіпсіздіктерінің басты ұйымдастырушыларының бірі – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов болған.

Дикий Арман
Фото: «Қаңтар хронологиясы» фильмінен алынған кадр

Сонымен қатар Бас прокурор Қаңтар оқиғаларында ерекше рөлді Арман Жұмагелдиев (лақап аты – «Дикий Арман») атқарғанын айтты. Тергеу оның ҰҚК кураторының үйлестіруімен әрекет еткенін анықтады.

Қару-жарақ
Фото: «Қаңтар хронологиясы» фильмінен алынған кадр

Жұмагелдиев тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға, топты бақылауға алып, билікке бірыңғай ультиматум талаптарын қоюға тиіс болған «халық кеңесін» құруға жауапты болған. Бұл процесте оған Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты және қылмыстық топтың белсенді мүшесі Махатов көмектескен. Махатов қылмыскерлерге қару беріп, оларды Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйіне ұйымдасқан түрде орналастырған.

— Алайда олар жаппай наразылықтарды басқара алмады. Халық олардың соңынан ермеді. ҰҚК-нің бұрынғы төрағасының ұсталғаны туралы ақпарат алған соң, сенімді алиби жасау мақсатында қаскөйлерге мародерлікпен күрес деген желеумен қала тұрғындарына шабуыл жасау тапсырылды. Осы мақсатта 6 қаңтар күні олар түрлі жерлерден 24 кездейсоқ азаматты ұрлап әкетіп, ұрып-соғып, «Ritz Carlton» және «Қазақстан» қонақүйлерінің автотұрақтарында ұстаған. Кейін оларды қала шетіне әкетіп, ҰҚК қызметкерлерінің қарулы күзетімен бір түнге контейнерге қамаған. Содан кейін оларды әуежайға апарған, сол жерде бір азамат – Өтепбаев азаптаудан көз жұмған. Бұл фактілер бойынша тергеу аяқталды. Қазіргі уақытта материалдармен танысу жүріп жатыр, - деді Берік Асылов 2023 жылдың 5 қаңтарында.

«Қаңтар. Мемлекеттік төңкеріс әрекеті» деректі фильмінде авторлар Қаңтар күндеріндегі «Дикий Арманның» әрекеттерін егжей-тегжейлі сипаттаған.

5 қаңтарда Арман Жұмагелдиев Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйінде өз штабын ұйымдастырып, сол жерде бандиттік топтар мен тонаушылардың әрекеттерін үйлестіріп, қару-жарақ таратқаны хабарланады.

Дикий Арман
Фото: «Қаңтар хронологиясы» фильмінен алынған кадр

Кейін «Дикий Арманның» тобынан зардап шеккен бір азамат өз басынан өткен оқиғаларды айтып берген.

Арман
Фото: «Қаңтар хронологиясы» фильмінен алынған кадр

«Дикий Арман» 2022 жылдың 7 қаңтарында ұсталды. Халық арасында оны әртүрлі атайды: бірі оны «қылмыстық авторитет» десе, екіншілері – «меценат» деп санайды, ал кейбірі оны арнайы қызметтің агенті болуы мүмкін деп болжайды.

Бастапқыда оны 7 сәуірге дейін қамауға алу туралы шешім шығарылды, кейін сот шешімімен қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Жұмагелдиев ҰҚК тергеу изоляторына ауыстырылды. 

Екі айдан кейін Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген де ұсталды.

Алматы прокуратурасының мәліметінше, алдын ала мағлұмат бойынша, ол «Дикий Арманмен» бірге Қаңтар оқиғасында митингке қатысушыларды біріктіру үшін топ жинаған. 

2022 жылдың наурызында ҚР Бас прокуроры Берік Асылов «Дикий Арманның» қылмыстық тобының Қаңтар оқиғаларына қатысқаны туралы мәлімдеді. Алайда, Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, бұл істің мән-жайы жарияланбады.

Қаңтар
Фото: «Қаңтар хронологиясы» фильмінен алынған кадр

«Дикий Арман» мен Қайрат Құдайбергенге қатысты тергеу жұмыстары шамамен 1,5 жылға созылды. 2023 жылдың қыркүйегінде бұл іске байланысты алдын ала тыңдау басталды. Қайрат Құдайберген мен Арман Жұмагелдиевтен бөлек, айыпталушылар қатарында тағы 43 адам бар.

Бастапқыда сот тыңдалымдары аралас форматта – онлайн және оффлайн түрде өтті. 

«Дикий Арман» және тағы үш айыпталушы сот процесіне ҰҚК-нің тергеу изоляторында отырып, онлайн қатысты. 

Арман
Фото: «Қаңтар хронологиясы» фильмінен алынған кадр

Істі қараған судья Асхат Әшірбеков сот отырысының мұндай форматта өту қажеттілігін айыпталушыларды ҚР ІІМ ҚАЖК-нің №72 мекемесіне этаптау және ауыстыру қылмыстық процеске қатысушылардың, соның ішінде айыпталушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкіндігімен, сондай-ақ қоғамдық тәртіптің бұзылуына әкелуі ықтимал екенімен түсіндірді. 

2023 жылы қыркүйек айының соңында Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қылмыстық процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Дикий Арман» мен басқа да айыпталушыларға қатысты іс жабық режимде қарауға көшірілгенін хабарлады. 

Аталған іс бойынша сотталушылар қатарында 45 адам бар. Оларға келесі баптар бойынша айып тағылды: 362-бап – билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану; 262-бап – ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу; 191-бап – тонау; 126-бап – заңсыз бас бостандығынан айыру; 272-бап – 2022 жылғы қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оған қатысу; 268-бап – бандитизм.

Қару-жарақ
Фото: «Қаңтар хронологиясы» фильмінен алынған кадр

«Дикий Арман» мен Қайрат Құдайберген ісі бойынша негізгі сот процесі 2023 жылдың қазан айында басталды және әлі күнге дейін жалғасуда. Биылғы жазда ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Назгүл Рахметуллина істің не себепті ұзаққа созылғанын түсіндірді. Ол істің күрделілігін, материалдардың үлкен көлемін және айыпталушылардың көптігін атап өтіп, барлық мән-жайлар мен ұсынылған дәлелдерді мұқият қарауға қосымша уақыт қажет болғанын айтты. 

2024 жылдың басында Бас прокуратура сотта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бесінші департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов, Арман Жұмагелдиев («Дикий Арман»), Алматы қалалық мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайберген және басқа да тұлғаларға қатысты 48 эпизодтан тұратын қылмыстық іс қаралып жатқанын хабарлады. Олар жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оған қатысу, бандитизм, заңсыз бас бостандығынан айыру және басқа да ауыр қылмыстар жасады деп айыпталуда.

Қаңтар
Фото: «Қаңтар хронологиясы» фильмінен алынған кадр

Қаңтар оқиғалары кезінде жасалған қылмыстар бойынша барлығы 5300 қылмыстық іс тіркелген. 511 іс аяқталып, сотқа жолданды. Соттар 1 385 адамға қатысты үкім шығарды.

Биыл тамыз айында Арман Жұмагелдиевтің, ҰҚК бесінші департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақовтың және басқалардың адвокаттары Қаңтар оқиғаларына қатысты айыпталушыларға ашық сот процесін өткізу талабын қойды.

Kazinform агенттігінің тілшісі жақында Арман Жұмагелдиев пен Алматы қалалық мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайбергенге қатысты сот ісі жөнінде Жоғарғы сотқа сауал жіберді. Сот жауабында көрсетілгендей, аталған тұлғаларға қатысты іс жабық режимде қаралуда және судьялар нақты бірістер бойынша есеп бермейді.

– ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 29-бабына сәйкес, мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын басқа да құпияларды қорғау мүдделеріне байланысты бұл қылмыстық іс бойынша ақпарат жария ету мүмкін емес, - деп жауап берді Алматы қалалық соты. 

Атап өтетін жайт, Қаңтар оқиғаларының әсері қоғамда әлі де сезілуде. Саяси провокациялар болып, жалған ақпараттар мен фейктер таратуда. Әлі күнге дейін ұрланған қарулар жасырылған жерлер анықталуда.

Биылғы тамызда Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Бас прокуратурамен бірлесіп Алматы, Шымкент қалаларында «Дикий Арман» ұйымдасқан қылмыстық тобының 15 ықтимал қатысушысына қатысты бір мезгілде тұтқындаулар мен тінту іс-шараларын өткізді. Құқық қорғаушылардың айтуынша, топ жетекшісі мен негізгі мүшелері тұтқындалғанымен, қалған мүшелері заңсыз әрекеттерін жалғастырып, еркіндікте болған. 

Соңғы жаңалықтар