Димаш туған жерін, қаласын сағынады — анасы

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Дәстүрлі «Baqytty bala» балалар фестиваль-конкурсы басталды. Баспасөз мәслихатында әнші Димаш Құдайбергеннің анасы ұлының туған жерін, қаласын сағынатынын айтып, бір кездері үлкен концерт беретініне үмітпен қарайтынын айтты. 

Светлана Айтбаева
Фото: Kazinform

«Baqytty Bala — 2025» халықаралық балалар вокалдық фестиваль-байқауы биыл алтыншы рет ұйымдастырылды. Байқаудың алғашқы айналымында өнерлі балалар аудио, видео материалдар жіберіп, іріктеуге қатысты. Ал екінші тур Ақтөбе қаласында өтіп жатыр. Конкурс талабы бойынша қатысушылар өз ана тілінде немесе авторлық ән, сондай-ақ әлемдік хит ән орындайды. Бүгінде Ақтөбеге Беларусь, Молдова, Татарстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан елдерінен және Қазақстанның өңірлерінен 20 талантты жас өнерпаз келді. Алғашқы күні баспасөзге арналған брифинг өтіп, қатысушылар мен журналистер сұрақ қойды. Көпшілік әнші Димаш Құдайбергеннің Ақтөбеге сапары жайлы білгісі келді.

— Ақтөбеде үлкен стадион салынайын деп жатыр. Бұл өте жақсы. Димаш туған жерін, қаласын сағынады, келгісі келеді. Бір кездері ол осында жақсы концерт береді деп үміттенемін, — деді анасы Светлана Айтбаева.

Айта кетейік, «Baqytty Bala — 2025» жобасы облыс әкімдігі мен «Димаш-Әли» шығармашылық орталығының бірлескер жобасы. Бұған дейін байқауға әнші Димаш Құдайберген де келіп, концертте өнер көрсеткен болатын. Сонымен бірге жас өнерпаздарды тыңдап, қолдау көрсетті

Еске салсақ, Димаш Құдайберген былтыр су тасқынынан зардап шеккен жерлестерін қолдап келді

Соңғы жаңалықтар