Дубайда дрон қалдықтары көлікке құлап, бір адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — БАӘ үкіметі Дубайдың Аль-Барша ауданында көлікке ұшқышсыз ұшу аппаратының (дронның) қалдықтары құлап, жүргізушінің қаза тапқанын хабарлады. Бұл туралы ТАСС мәлімдеді.
Дубай билігінің мәліметінше, қалдықтар әуе нысанасын сәтті түрде қағып түсіру кезінде пайда болған. Кейін оның бөліктері көліктің үстіне құлап, салдарынан жүргізуші оқиға орнында көз жұмған.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Дубайдағы зәулім ғимараттардың біріне жасалған болуы мүмкін соққы туралы бейне тараған. Куәгерлер түсірген кадрларда БАӘ-нің ірі қаласындағы биік ғимараттардың бірінен өрт шығып, түтін көтерілгені көрінеді.
Иранның мемлекеттік телеарнасы бұл ғимаратта Израиль мен АҚШ қарулы күштеріне тиесілі нысан болғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар, бұған дейін Иранда 6668 азаматтық нысан АҚШ пен Израильдің шабуылына ұшырағаны хабарланған.
Еске салайық, Иранның ұшқышсыз ұшу аппараттары Әзербайжанның Нахичевань қаласындағы әуежайға шабуыл жасағаннан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз ұстанымын білдірген болатын. Мемлекет басшысы Иранмен бірлесіп оқиғаны мұқият тергеуге үміт артатынын және өңірдегі шиеленісті ушықтырмау үшін мәселені дипломатиялық жолмен реттеу қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның көрші елдерге шабуыл жасамау туралы шешімін құптайтынын да айтты.