«Дұрыс деп ойлаймын»: Шерзат ісіндегі айыпталушы өзінің ұрып-соққаны жайлы

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

о
Фото: Видеодан алынған скрин

Бүгін сотта айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаевтан жауап алынып жатыр. Ол өз сөзінде Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевты тепкенін растады.

Судья Нұрбол Тоқтаубаевтан Нұрқанат Ғайыпбаевты тепкен кезде жәбірленуші қандай күйде болғанын сұрады.

— Отырды ма, жатты ма есімде жоқ. Көз алдымда қалған бейнесі -бізге мылтық атып, анайы сөздерді айтқаны жадымда сақталып қалғаннан кейін төбелесуге шешім қабылдадым, — деді сотталушы.

Әрі қарай судья мен сотталушы арасында қысқа сұрақ-жауап болды.

— Жаңа ғана «мылтықты кім атқанын көрген жоқпын, тек қана естідім, кім тартып алғанын да көрген жоқпын» деп айттыңыз. Енді Ғайыпбаев мылтықты атты деп отырсыз, — судья.

— Ғайыпбаев мылтықты атты. Оның қолынан тартып алған азаматты танымаймын, — айыпталушы.

— Тартып алды, оның қолында қару жоқ, Ғайыпбаев жатыр. Сіз барып тептіңіз. Өз іс-әрекетіңізді дұрыс деп ойлайсыз ба? — судья.

— Дұрыс деп ойлаймын, құрметті сот. Себебі ол бізге мылтық атты, — айыпталушы.

— Сіз Ғайыпбаевты тептіңіз. Ал полиция қызметкерлері сізді ұрды дедіңіз. Олардікі дұрыс емес па? — судья.

— Аяусыздықпен ұрды, — айыпталушы.

— Ал сіз аяушылықпен тепкен жоқсыз ба? — судья.

— Ол жерде төбелес болды ғой. Ал біз полиция қызметкерлерімен төбелескен жоқпыз, — айыпталушы.

Бұған дейін сотта 4 қазан күні болған жанжал бейнежазбасы жарияланды.

Өткен сот отырысында айыпталушы Дархан Әскентайдан жауап алынды.

Сот барысында сотталушылардың адвокаттары прокурорды ауыстыруды өтінді. Бірақ судья прокурорды ауыстырудан бас тартты.

Сонымен қатар сотта дүкен камерасына түскен оқиғаның толық бейнежазбасы көрсетілді.

Алғашқы сот отырысында прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.

Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.

2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.

2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат ағасының денесі табылды.

Соңғы жаңалықтар