Мектептерде 1,7 млн бала тегін ыстық тамақпен қамтылған
АСТАНА. KAZINFORM – Білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарты әзірленіп, 2025 жылдан бастап қолданысқа енгізу жоспарлануда. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.

«Президент тапсырмасымен былтырдан бастап бастауыш сынып оқушылары және әлеуметтік осал топтағы отбасының балалары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп келеді. Қазіргі уақытта 1,7 млн оқушы мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтылған, бұған жергілікті бюджеттен 162 млрд теңге бөлінді», - деді министр Үкімет отырысында.
Оқу-ағарту министрлігі тамақтандыру сапасын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап, тиісті нормативтік құқықтық талаптарды бекіткен. Оның ішінде білім беру ұйымдарында тамақтану нормалары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес қайта қаралды.
«Тамақтану сапасына бракераж комиссияларының күнделікті мониторинг жүргізуі және ведомствоаралық сарапшылық топтың ұдайы бақылауы енгізілді. Өнім берушілердің қызметін бастамас бұрын санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы болуы туралы шарт бекітілді. Аспаздар біліктілігіне, олардың білімі мен еңбек өтіліне қойылатын талаптар күшейтілді. Ас блогына бейнебақылау орнату міндеттелді», - деді Оқу-ағарту министрі.
«Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында тегін тамақ алатын балаларды автоматтандырылған түрде есепке алу жұмыстары жүргізілуде.
«Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарты әзірленіп, 2025 жылдан бастап қолданысқа енгізу жоспарлануда», - деді Ғ. Бейсембаев.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында мектеп асханасындағы тамақ сапасын арттыру бағытындағы ұстанымдарын айтқан еді.
Сондай-ақ, мемлекеттік мектептерде оқитын балалардың ата-аналарының 53%-ының ғана мектептегі тамақтану сапасына көңілі толады. Ата-аналардың 20%-ынан астамы берілетін тамақ порциясы тым аз деп санайды.