Елде қылмыс жыл басынан бері 9%-ға төмендеді
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігінде өткен кеңейтілген алқа отырысында 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы жедел қызмет қорытындысы шығарылды.
Жұмыстың негізгі бағыты ретінде конституциялық деңгейде бекітілген «Заң мен Тәртіп» қағидаты айқындалды. Мемлекет басшысының сөздеріне сүйене отырып, Ішкі істер министрі Ержан Саденов Заң мен Тәртіп идеологиясы қоғамның барлық саласында негізгі басымдыққа айналуы тиіс екенін жеткізді. Бұл құқықтық сананы нығайтуды және заңды бұлжытпай сақтауды талап етеді.
Аталған кезеңде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қылмыс деңгейі 9%-ға немесе 2150 қылмысқа азайған. Қылмыстың төмендеуі барлық негізгі санаттар бойынша байқалады. Бұрын сотты болғандармен, кәмелетке толмағандармен, мас күйінде, қоғамдық орындарда және тұрмыста жасалатын құқықбұзушылықтар саны төмендеген. Сонымен қатар барлық санаттағы қылмыстың ашылу деңгейі артқан.
Интернет-алаяқтық фактілері де азайған. Қылмыстың бұл түрі бойынша ашылу көрсеткіші артты. Аккаунттарды бұзу, криптовалюталар, онлайн-қарыздар және жалған интернет-ресурстарға байланысты алаяқтықтар саны қысқарған.
3,6 млн астам әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілді, бұл олардың ауыр қылмыстарға ұласуының алдын алуға мүмкіндік берді. «Таза Қазақстан» қағидаты аясында 722 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталып, 3 мыңнан астам заңсыз қоқыс орындары жойылды.
Жол қауіпсіздігі саласында 3 млн астам жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі тоқтатылып, бұл жол-көлік оқиғаларында қаза тапқандар мен жарақат алғандардың санын азайтуға ықпал етті.
Ведомство басшысы барлық мемлекеттік органдар мен қоғамды тарта отырып, жүйелі профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ барлық бағыттар бойынша жасанды интеллект элементтерін енгізу, цифрлық құралдарды одан әрі дамыту қажеттігі атап өтілді.
Бұрынғы жылдары жасалған қылмыстарды қоса алғанда, жалпы қылмыстарды ашу деңгейін арттыру, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын жақсарту және жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуді қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, қылмыстық істерді тергеуде созбалаңдыққа жол бермеуге, халықтың барлық өтініштері мен шағымдарына жедел әрекет етуге ерекше назар аударылды.
Ауыл тұрғындары үшін негізгі табыс көзі болып табылатын мал шаруашылығын сақтау тұрғысынан мал ұрлығына қарсы күресті күшейту тапсырылды.
Сондай-ақ министр көші-қон бақылауын, қылмыстық-атқару жүйесін, ведомстволық білім беруді дамыту және Ұлттық ұланның әлеуетін арттыру бағытындағы жұмысты күшейтуді талап етті.
Одан бөлек, қызметтік-әскери тәртіпті нығайту, жауынгерлік және дене дайындығы деңгейін арттыру басым бағыт ретінде айқындалды. Жеке құрамға бақылауды күшейтіп, әрбір құқықбұзушылық фактісіне принципті баға беру және жауапкершіліктен бұлтартпауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Отырыста аумақтық бөліністер мен орталық аппарат қызметтері басшыларының есептері тыңдалды. Анықталған кемшіліктер көрсетіліп, оларды жедел жою және елдегі құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдау міндеті қойылды.
Қызметтік тәртіптің жай-күйі мен атқарылған жұмыстардың нәтижелері үшін басшылардың жеке жауапкершілігі ерекше атап өтілді.
Айта кетелік Алматыдағы элиталық клубта есірткі сату дерегі әшкереленді.