Елена Рыбакина WTA Live рейтингісінде алғаш рет екінші орынға көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның WTA Live рейтингісіндегі орны өзгерді.
Индиан-Уэллс турнирінің жартылай финалына шыққаннан кейін қазақстандық теннисші қазіргі кезде 7 523 ұпаймен Польша өкілі Ига Швентекті басып озып, екінші орынға көтерілді.
Ширек финалда украиналық Элина Свитолинадан ұтылып қалған И.Швентек 7 413 ұпаймен үшінші сатыға түсіп қалды.
Белоруссиялық Арина Соболенко 10 415 ұпаймен бұрынғыша көш бастап тұр.
Индиан-Уэллс мастерс жарысының қорытындысына сәйкес ұпайлар саны әлі өзгеруі мүмкін. Ол қалған ойындардың нәтижесіне байланысты. Дегенмен дүйсенбіде жаңартылатын WTA рейтингісінде Е.Рыбакинаның екінші орынға шығатыны анық. Бұл оның спорттық жолындағы ең үздік, рекордтық көрсеткіші болмақ.
Қазақстандық теннисшінің биылғы мақсаты – әлемнің бірінші ракеткасы атану.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Билли Джин Кинг кубогында Қазақстан мен Канада құрамаларында кімдер ойнайтынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Анна Данилина Индиан-Уэллс турнирінің финалына шықты.
Елена Рыбакина Индиан-Уэллс турнирінің жартылай финалына жолдама алды.