Еліміздегі апта ішіндегі тағайындаулар

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өтіп бара жатқан апта ішінде еліміздің орталық та, жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Егемберді Ерғали Қуандықұлы Қаржы министрлігі аппаратының басшысы болып тағайындалды.

Ерғали Егемберді 1977 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Л.Н Гумилев атындағы ЕҰУ Дипломатиялық академиясын, Бостон университетін (АҚШ) бітірген. Еңбек жолын 1998 жылы Астана қаласы қаржы басқармасының заңгері болып бастаған. 2000-2001 жылдары – Астана қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы. 2001-2002 жылдары – «Астана – жаңа қала» еркін экономикалық аймағы бас дирекциясының мониторингті есепке алу және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы, Астана қаласының базарларында сауда ұйымдастыру және біржолғы талондар беру басқармасы бастығының орынбасары.

2002-2003 жылдары ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі Байланыс және ақпарат комитеті Бухгалтерлік есеп, ұйымдастыру және құқықтық жұмыс басқармасы Заң және кадр қызметі бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді.

2003 жылы «Афдан» ААҚ вице-президенті қызметін атқарды. 2004 жылы Астана қаласы тұрғын үй департаменті бастығының орынбасары болды. 2004-2006 жылдары – Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары. 2006-2007 жылдары – Қарағанды облысының біржолғы талондарды беру басқармасының бастығы. 2007-2008 жылдары – Қарағанды қаласы әкім орынбасарының м.а. 2008 жылдан 2009 жылға дейін Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан әкімінің қызметін атқарды.

2009-2010 жылдары – Қарағанды облысы әкімі аппаратының басшысы. 2010-2012 жылдары – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Ұйымдастыру жұмысы және аумақтық даму бөлімінің бас инспекторы. 2012 жылғы қаңтардан бастап – ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратының басшысы. 2012-2014 жылдары – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары. 2014-2017 жылдары – ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары. 2017-2018 жылдары – Астана қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының м.а., басшысы.

2018-20219 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы болып жұмыс істеді. 2019-2020 жылдары – Нұр-Сұлтан қаласы «Сарыарқа» ауданының әкімі. 2020-2022 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы.

2022 жылғы мамырдан қазіргі уақытқа дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.

ҚР Үкіметінің қаулысымен Нұркен Қожамұратұлы Шәрбиев Экология және табиғи ресурстар бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Нұркен Шәрбиев 1976 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. С. Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін, Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін бітірген. Еңбек жолын 1998 жылы шаруа қожалығының бас экономисті болып бастаған.

2000–2002 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаменті, Стратегия және мемлекеттік реттеу департаменті, Индикативтік жоспарлау және экономикалық талдау басқармасының жетекші, бас маманы болып жұмыс істеді. 2002-2011 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрылымында басшылық лауазымдарда қызмет атқарды.

2011-2012 жылдары — ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры. 2012-2013 жылдары — Еуразиялық экономикалық комиссия Агроөнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары (Мәскеу қ.). 2013-2014 жылдары — «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры.

2014-2017 жылдары жеке меншік ұйымда жұмыс істеді. 2017-2018 жылдары «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2018-2020 жылдары — «Тараз» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы. 2020-2022 жылдары — «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры – департамент директоры. 2022 жылғы маусымнан желтоқсанға дейін «АМАНАТ» партиясы «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесі хатшылығының басшысы қызметін атқарды. 2023 жылғы қаңтардан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі болып жұмыс істеді.

Ал оның орнына Экология вице-министрі болып Мансұр Тұрсынұлы Ошурбаев тағайындалды.

Мансұр Ошурбаев 1988 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, «Тұран-Астана» университетін бітірген. Еңбек жолын 2010 жылы ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде жетекші маман болып бастаған. 2010-2014 жылдары ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінде әртүрлі қызметтерде жұмыс істеді.

2014-2016 жылдары – ҚР Энергетика министрлігі Астана қаласы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары. 2016-2017 жылдары – ҚР Энергетика министрлігі Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары. 2017-2019 жылдары – ҚР Энергетика министрлігі Астана қаласы бойынша экология департаментінің басшысы. 2019 жылғы қараша айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі қалдықтарды басқарудағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры болды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен Азамат Серікұлы Панбаев Индустриялық даму комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Азамат Панбаев 1987 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 2008 жылы ҚР Индустрия және сауда министрлігі Өнеркәсіп комитетінің іс жүргізушісі болып бастаған. 2009-2016 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің құрылымында әртүрлі қызметтерді атқарды. 2016-2019 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінде консультант болып жұмыс істеді.

2019-2022 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Талдау, статистика және тәуекелдерді басқару департаментінің директоры қызметін атқарды. 2022 жылғы наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.

Алтай Сембекұлы Әлі ИИДМ Көлік комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.

Алтай Әлі 1985 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. Еңбек жолын 2005 жылы «Рахат Палас Отель» қонақ үйінде байланыс орталығының қызметкері болып бастаған. 2010-2011 жылдары – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ субсидиялау департаментінің менеджері. 2014-2015 жылдары – Астана қалалық сотының бас маманы. 2015-2018 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің құрылымында жұмыс істеді. 2018 жылы Шымкент қаласы әкімінің аппарат басшысы, көмекшісі болды. 2018-2019 жылдары – Шымкент қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі. 2019-2020 жылдары – Шымкент қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы. 2021 жылдың ақпанынан бастап қазіргі уақытқа дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Елдос Мұратұлы Рамазанов Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Елдос Мұратұлы 1971 жылы туған. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1994-2004 жылдар аралығында түрлі коммерциялық құрылымдарда жауапты лауазымдардан бастады. 2004-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі аппаратының басшысы, Экономика және қаржы департаменті директорының орынбасары болды. 2007-2009 жылдар аралығында – Талдықорған қаласында «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.

2009-2019 жылдар аралығында «Бүркіт» қаржы-өндірістік корпорациясы бас директоры орынбасарының, «Атамекен» одағы» Қазақстанның Ұлттық экономикалық палатасы Басқарма төрағасы орынбасарының, «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аппарат басшысы, Басқарма төрағасының орынбасарының қызметін атқарды.

2019-2020 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі болды. 2021-2023 жылдар аралығында Ақмола облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.

Азамат Айтбайұлы Тайжанов Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Азамат Айтбайұлы 1985 жылы туған. Қазақ гуманитарлық-заң университетін (халықаралық құқық бакалавры), Жапонияда Токия университетін (экономика магистрі), Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. PhD докторы.

Еңбек жолын 2007-2013 жылдары орталық мемлекеттік органдарда әкімшілік мемлекеттік лауазымдардан бастады. 2013 жылы – Степногорск қаласы әкімінің орынбасары болды. 2013-2016 жылдары – Егіндікөл ауданының әкімі, 2016-2018 жылдары – Аршалы ауданының әкімі лауазымдарын атқарды. 2019-2021 жылдары - «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамытудың Қазақстандық орталығы» АҚ басқарушы директоры, басқарма басшысының орынбасары - басқарма мүшесі.

2021-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің кеңесшісі болды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен Нұржан Ерболатұлы Мақсотов Батыс Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

Нұржан Ерболатұлы 1978 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2000 жылы М.Өтемісов атындағы БҚМУ-де оқытушы болып бастады.

Әр жылдары БҚО әділет басқармасының жетекші маманы, 10 жылдан астам БҚО әкімінің аппаратының бас маманы және мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, 2013-2020 жылдары аралығында БҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары болып жұмыс істеді. 2020 жылдан бүгінгі күнге дейін БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры қызметін атқарды.

ҚР Президент Әкімшілігінің және аудандық маслихат келісімімен, меритократия қағидаттарына сәйкес Сырым ауданының әкімі лауазымына Жұмагелді Жолдыбайұлы Батырниязов тағайындалды.

Жұмагелді Жолдыбайұлы 1982 жылы Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында дүниеге келген. Жәңгір хан атындағы Батыс-Қазақстан аграрлық-техникалық университетін қаржы және несие, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін құқықтану мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Әр жылдары Сырым аудандық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің жетекші маманы, БҚО көлік және коммуникациялар басқармасының жетекші маманы, бас маманы, БҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасында бөлім басшысы, БҚО әкімі аппаратында бас инспектор, бөлім басшысы, «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамында департамент директоры болып жұмыс істеді. 2021 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы лауазымына Исатай Сәбиұлы Ансат тағайындалды.

Исатай Аңсат 1972 жылы дүниеге келген. Қазақ Политехникалық институтын «Есептеу техникасы, кешендері, тараптары және жүйелері», «Болашақ» университетін «Қаржы және несие» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1996 жылы «Сырдария мұнай өнімдері» акционерлік қоғамының инженер экспедиторы болып бастаған. 1997-2002 жылдары екінші деңгейлі банктер мен жеке секторда түрлі деңгейдегі лауазымдарда қызмет атқарған. 2002-2008 жылдары Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі, Астана қаласы әкімі аппаратының ақпараттық технологиялар бөлімінің меңгерушісі. 2008-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әкімшілік департаментінің басқарма бастығы, болды. 2009 жылдан бастап осы кезге дейін бизнес құрылымында басшылық лауазымдарда қызмет атқарған.


Соңғы жаңалықтар