Еліктердің елді мекендерді жиі жағалай бастауының сыры неде

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс өзенінің қаумалы мен орманды жерлерде шамамен 5 мыңға жуық елік тіркелген. Орманшылар түз тағылары адамдар мен көліктен қорықпайтынын айтады.

Еліктердің елді мекендерді жиі жағалай бастауының сыры неде
Фото: Видеодан алынған кадр

Биыл қыста еліктер Павлодар облысының елді мекендеріне жиі кіріп жүр. Негізінен өзен маңайындағы жайылмалар мен «Ертіс орманы» резерватын мекендейтін жануарлар кейбір сәтте ауылдар мен қалалардың көшелерін кезіп, азық іздейтінге ұқсайды. Орманды жерлердің көбінде қар соншалықты қалың емес. Еліктердің тебіндеп жайылуына мүмкіндік мол. Дейтұрғанмен, тұрғындар жануарлардың адамдарға жиі үйірсектей бастағанын түсіне алмай дал.

— Елді мекендерге жас еліктердің кіріп кету оқиғалары расымен жиі тіркеліп жатыр. Жануарлардың адамдар тұратын жерлерді жағалауының себебі — орманды жерлерде қардың қалыңдығы 20 сантиметрге дейін жетіп, алаңқайлардағы мұз болып қалған қарды тебіндеп жайылу қиындаған. Ал топырақтағы тоң 90 сантиметрге жетеді. Оның үстіне қаңтар айындағы соңғы аязды күндер айналадағы барлық су айдындарын қатырып тастаған, мұздың қалыңдығы — 40-70 сантиметр. Сондықтан олар қосымша азық іздеп, адамдар тұратын жерлерді төңіректейді. Мысал үшін кеше облыс орталығының іргесіндегі Атамекен кентінде жас елік жеке тұрғынжайға кіріп, көлік қоятын гараждағы орға түсіп кеткен. Оны біздің орманшылар алып келіп, жарақатының бар-жоғын тексеріп жатыр. Егер елік дін аман болса, қайтадан орманға босатамыз, — деп түсіндірді бұл құбылысты Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіпов.

Сібір және дала еліктерінің Ертіс өзені қаумалында көбейіп келе жатқаны байқалып отыр. Орманшылар әдетте үркек келетін жабайы жануарлардың адамнан қорықпайтынын, 40 метрге дейін жақындататынын айтады. Себебі бұл аумақтарда түз тағыларын атуға болмайтыны мәлім. Оның үстіне қаумалда бірде-бір қасқыр көзге түспеген. Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне қарасты орман шаруашылықтарында 500-ден астам елік жүр. Олар жайылмадағы бұталармен, қар астындағы шөпті қазып қоректенеді. 
Орман инспекторлары жалпы биыл қыста еліктер ғана емес, түлкілер мен қояндардың елді мекендерге жиі бара бастағанын байқаған. Аңшылыққа тыйым салынған жерлерде түз тағылары өздерін еркін ұстап, қалаларға жиі келгіштейді. Мысал үшін Павлодар қаласында соңғы күндері көше кезіп жүрген бірнеше түлкі ұшырасқан.

Бұған дейін жазғанымыздай, Павлодар орманшылары жабайы жануарларға тонналаған азық шашып жатыр. 

Сондай-ақ былтыр қараша-желтоқсан айларында Ресей Федерациясының Новосібір облысы тарапынан Павлодар өңіріне еліктердің жаппай көші-қоны байқалды. 

Соңғы жаңалықтар