Елімізде апта ішінде болған кадрлық ауыс-түйіс
АСТАНА. KAZINFORM — Өтіп бара жатқан апта ішінде Мемлекет басшысы бірқатар тағайындау жасады. Сонымен қатар орталық және жергілікті атқарушы органдардағы лауазымдарға жаңа қызметкерлер келді.
Аптаның басында Мемлекет басшысының Жарлығымен Жанат Қалдыбекұлы Элиманов ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы болып тағайындалды. Ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.
Cондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен Дмитрий Михайлович Малахов ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы лауазымынан босатылды.
***
Мемлекет басшысының өкімімен Әли Сапарғалиұлы Алтынбаев ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды.
***
Мемлекет басшысының өкімімен Бақытбек Рахымбердиев Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Терроризмге қарсы қызметінің бастығы лауазымына тағайындалды.
***
Мемлекет басшысының Жарлығымен Дмитрий Михайлович Малахов ҚР Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына тағайындалды. Бұған дейін Мемлекет басшысының Денис Шиппті Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымынан босатқанын жазған едік.
***
Мемлекет басшысының өкімімен Тимур Бөкейханұлы Әбілқасымов ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Тимур Әбілқасымов 2011 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын «бизнес экономикасы» және «мемлекеттік саясат экономикасы» мамандықтары бойынша бітірді. Лондон бизнес және қаржы мектебінде «тәуекел-менеджмент» мамандығы бойынша МВА дәрежесін алған.
***
Мемлекет басшысының өкімімен Аңсаған Скендерұлы Балтабеков ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы лауазымына тағайындалды.
А.Балтабеков мемлекеттік күзет қызметі мен ұлттық қауіпсіздік органдарының түрлі офицерлік және басшылық лауазымдарында қызмет еткен.
Мемлекет басшысының өкімімен Еркін Советбекұлы Ботақанов ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы лауазымынан босатылды.
***
Осы аптада ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Сархат Сағынтайқызы Бейсенова Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қызметіне тағайындалды.
С. Бейсенова 1972 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын, Тұран-Астана университетін бітірген. Еңбек жолын 1989 жылы Ақмола облыстық онкология диспансерінде санитар болып бастаған. 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы қызметін атқарды.
***
ҚР Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Теміртау әкімі болып Ғалым Әбіханұлы Әшімов тағайындалды.
Ғалым Әшімов 1968 жылы туған. Еңбек жолын 1989 жылы бастаған. Жәйрем тау-кен байыту комбинатында түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. Осы тағайындауға дейін «Имсталькон» АҚ-да жұмыс істеді.
***
ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Мейрам Меңдібаев Айыртау ауданының әкімі болып тағайындалды.
Мейрам Меңдібаев 1971 жылы СҚО М.Жұмабаев ауданында туған. Петропавл есеп-экономикалық техникумын «Техник-құрылысшы», Көкшетау университетін «Юриспруденция» және Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжін «Жерге орналастырушы» мамандығы бойынша бітірген. Осы тағайындауға дейін СҚО әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болды.
***
Қызылорда облысы Шиелі ауданына жаңадан әкім сайланды.
Бұл қызметке Айтбай Жандарбеков келді. А.Жандарбеков 1974 жылы дүниеге келген. Қызылорда политехникалық институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1992 жылы «Қазақстанның 30 жылдығы» кеңшарында жұмысшы болып бастап, әр жылдары түрлі салада еңбек еткен. 2023 жылдың наурыз айынан Шиелі аудандық мәслихатының төрағасы болды.
***
Бас прокурордың бұйрығымен Индер ауданының прокуроры болып Нариман Ешманов тағайындалды.
Нариман Олжабайұлы 1978 жылы дүниеге келген. Еліміздің прокуратура органында 2000 жылдан бері жұмыс істейді. Осы тағайындауға дейін Атырау облысындағы Мақат ауданының прокуроры болды. Сыныптық шені – аға әділет кеңесшісі.
***
Бас прокурордың бұйрығымен Атырау облысындағы Жылыой және Мақат ауданының жаңа прокурорлары тағайындалды.
Еркебұлан Ермеков Жылыой аудандық прокуратурасына жетекшілік етеді. Е. Нұрымұлы 1987 жылы өмірге келген. Прокуратура органында еңбек өтілі – 15 жыл. Осы тағайындауға дейін Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры болды.
Мақат ауданының прокуроры қызметіне Магилан Рахимов кірісті. М. Еркінұлы жасы – 40-та. Қадағалау органында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Осы кезге дейін Құрманғазы ауданының прокуроры лауазымын атқарып келді.
***
Бас прокурордың бұйрығымен Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры тағайындалды. Енді бұл лауазымды Мирас Жалмурзин атқаруға кірісті.
М. Еркебұланұлы 1993 жылы туған. Прокуратура органындағы еңбек жолын 2016 жылы бастаған. Осы тағайындауға дейін Атырау қаласы прокурорының орынбасары болды.
***
Полиция полковнигі Серік Тоқтарқанұлы Манапов ШҚО полиция департаменті бастығының кадрлық жұмыс бағыты бойынша орынбасары лауазымына тағайындалды.
Серік Манапов Ұлан ауданында туған. Құқық қорғау органдарында 1992 жылдан бері қызмет етіп келеді. Бұл лауазымға тағайындалғанға дейін Күршім АПБ және Шемонаиха АПБ бастығы қызметтерін атқарған.
***
Қазақстан бокс федерациясы ұлттық құраманың жаңарған бапкерлер құрамын таныстырды.
Бапкерлік кеңестің шешімімен жаңа тізімге бірқатар бокс мамандары қосылды. Команданың бапкерлер құрамы: Қайрат Сәтжан - бас жаттықтырушы; Асқар Еркебаев - аға жаттықтырушы. Жаттықтырушылар: Ілияс Оралбеков, Нұркен Андасов, Азамат Мақажанов, Талғатбек Жакпеков, Нұржан Насанов.