Еліміздің 23 қаласында кәріз тазартатын қондырғы мүлдем жоқ
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің 23 қаласында кәріз тазартатын қондырғы мүлдем жоқ. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков айтты.

Оның дерегінше, еліміздегі инженерлік желілердің ұзындығы 136 мың шақырымды құрайды. Олардың тозу дәрежесі бағытына қарай өзгеріп отырады. Мәселен, су бұру желілерінің 55 пайызы тозса, жылумен жабдықтауда бұл көрсеткіш 52 пайызға, сумен жабдықтауда 39 пайызға жеткен. Ал орталықтандырылған жүйелер арқылы халыққа жеткізілетін судың сапасы желілердің жағдайына тікелей байланысты. Бұл желілер әр түрлі қаржыландыру көздерін пайдалана отырып, жыл сайын жаңартылып отырады.
Республикадағы 90 қаланың 60-ында ғана кәріз тазартатын қондырғы бар. Олардың тозуының орташа деңгейі 65 пайызға жетіп отыр. Тек 21 нысан халықтың сұранысын толық қанағаттандырады. 23 қалада кәріз тазартатын қондырғылар мүлдем жоқ. Оның 13-інде халық санының аздығына және орталықтандырылған кәріз жүйесінің жоқтығына байланысты тазарту қондырғыларының құрылысы кейінге қалдырылған.
— Жеті қалада жалпы сомасы 30 млрд теңгеге кәріз тазартатын қондырғыларды қайта жаңғырту және салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы Форт-Шевченко және Сарыағаш қалаларында кәріз тазартатын қондырғыларды салу және қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Биыл Қызылорда және Ленгер қалаларының кәріз тазартатын қондырғылары құрылысына 1,7 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қарастырылды. Қонаевта кәріз тазартатын қондырғыны жаңғырту мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жүргізілуде, — деді Бақытжан Жүнісбеков.
Осы орайда ол коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту мәселесін шешу үшін өткен жылдың желтоқсан айында «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданғанын айтады. Жобада 32 кәріз тазартатын қондырғыны қайта жаңғырту және 13 жаңасын салу жоспарланған. 8 жоба халықаралық қаржы ұйымдары, 14 жоба облигациялық несие, ал 23 жоба республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады.
Бұған дейін қала мен ауыл тұрғындарының қанша пайызы таза ауыз сумен қамтылғанын жазған едік.