Ең бірінші жүректің жылуы мен мейірім керек — әлеуметтік қызметкер

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қазан айының соңғы жексенбісі — Әлеуметтік қамсыздандыру қызметкерлері күні. Kazinform тілшісі егде тартқан адамдарға, мүгедектігі бар адамдарға қамқорлық көрсетіп жүрген Гүлмира Тулеубаеваның бір күнімен танысты.

Ең бірінші жүректің жылуы мен мейірім керек — әлеуметтік қызметкер
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Дүкенге бірге барып, таза ауада серуендейміз – әлеуметтік қызметкер 

Әлеуметтік қызметкердің жұмысы таңғы сағат 8:30–да басталады. Гүлмира Тулеубаева өз қамқорлығына алған 10 адамға аптасына үш рет барады. Екі сағатта үй жинайды, ас үй жұмыстарына қолғабыс етеді, қажет кезде дүкен, дәріханаға барып, қамқорлығындағы адаммен серуендейді.

— Өзім медицина мамандығын алғаныммен ауылда бұл салада жұмыс істемедім. Кейін балабақшада медбике болып еңбек етіп, қалаға көшкен соң үйде отырдым. Еңбекке араласқым келген соң жұмыспен қамту бөліміне барып, осы салаға келдім. Бұл 2008 жыл болды. Содан бері неше түрлі тағдырды көрдім, таныстым. Өмірдің соқпағы көп, шығар шың да жетерлік. Егде адамдар еңбекпен өскен. Олар тынымсыз жұмыс істеді, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аяққа тұрды. Сөйтіп жүріп ұрпақ тәрбиеледі, өсірді. Бәрін де бізге айтып отырады. Тыңдап, көріп, сабақ алдым, — деді Гүлмира Тулеубаева.

Ең бірінші жүректің жылуы мен мейірім керек — әлеуметтік қызметкер
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Әр күні — кесте. Қамқорлығындағы адамның үйіне кірген сәттен жоспарға сай үй жинап алады. Бөлме көп болса, бәрін қамту үшін жұмысты бірнеше күнге бөледі. Кейін ас бөлмесінде тамақ әзірлеуге, қажет кезде ыдыс жууға көмектеседі. Сонымен бірге шомылдыру, массаж жасау, қан қысымын өлшеп, жағдайын сұрау да міндетіне кіреді. Мұның бәрінен өткен соң тізім бойынша өзге мекенжайға барып, дәл осы тәртіппен күніне 8 сағатты өткізеді.

— Біздің жұмыста егде тартқан адамдар, мүгедектігі бар адамдар болған соң ең бірінші жүректің жылуы, мейірім керек. Бір ауыз жылы сөзімізге балаша мәз болады. Отбасының бір мүшесі секілдіміз. Бар сырын айтады, жүрегіндегі қайғы-мұңын да шертеді, — деді ол.

Туған апамдай сенемін — әлеуметтік көмек алушы

Ләззат Иманалина 2008 жылы жол-көлік апатына түсіп, мүгедектік рәсімдеді. Ол кезде жанындағы жолдасы қолдау көрсетті. Арада бес жыл өткенде жолдасы инсульт алып, қозғалысы қиындады. Әрі баласы да кішкентай болды. Сол шақта әлеуметтік қызметші сұрап, жанына алдырды. Гүлмира Тулеубаевамен тез тіл табысып, бауыр басып кетіп, қазір бірі апа, бірі сіңлі болды.

— Өте керемет, жаны жайсаң, үнемі күліп жүретін жан. Біз түрлі адамбыз. Өзім арбада отырамын. Ал ол бір күнде бірнеше адамға барады. Кемпір бар, шал бар. Бірі ауырып отырса, бірі ренжіп отырады. «Не болды? Жағдайың қалай?» деп сұрап отырады. Бір ауыз жылы сөздің өзі адамға демеу береді. Өзім жақсы тіл табысып кеттім. Туған апамдай сенемін. Бар шаруаны зор қамқорлықпен істейді. Сырымызды бөлісеміз, ренішімді де айтып отырады. Шынымды айтсам, Гүлмира апа зейнет жасына жақындап қалды. Кейін кім келеді деп ойлаймын, уайымдаймын. Ал бұл кісілерге ескерткіш қою керек, — деді әлеуметтік көмек алушы Ләззат Иманалина.

Оның айтуынша, біреудің үйін жинау, айтқанын істеп, жәрдем беруге екінің бірі бармайды, көнбейді. Оны тек жүрегі кең адам атқара алады.

— Жалғызбасты адамдарға, біз сияқты мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмек беріп отырғаны үшін елімізге алғыс айтамыз. Қажетті заттарымыздың бәрін алып отырмыз, — деді ол.

Ләззат Иманалина — жайдары жан. Ән мен биге әуес, мәдени шараларға қатысқанды ұнатады. Қалада концерт болса, театрда жаңа қойылым сахналанса, қалмайды. Сонымен бірге алдағы уақытта түрлі спорттық үйірмелерге қатысуды жоспарлап отыр. Алғашында би үйірмесе ұнатқанымен, қалада арбада отырғандар кіріп-шығуы оңтайлы орыннан ұсыныс кезіктірмеді.

Ең бірінші жүректің жылуы мен мейірім керек — әлеуметтік қызметкер
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Қалада мыңға жуық қызмет алушы бар — Әлеуметтік жәрдем орталығы

Ақтөбеде әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 90-жылдардың соңында ашылды. Ол кезде Зейнеткерлерге әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған территориалды орталық болып құрылды. 2005 жылдан бастап мүгедектігі бар балаларға үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету қызметі қосылды. Ал 2014 жылы Әлеуметтік жәрдем орталығы болып өзгерді.

— Орталық Ақтөбе қаласында тұратын еңбек жасындағы жақын туыстары (балалары және немерелері — ред.) жоқ жалғызбасты қарттарға, І-ІІ топ мүгедектігі бар азаматтарға және мүгедектігі бар балаларға әлеуметтік қызмет көрсетеді. Қалада 927 әлеуметтік қызмет алушы адам тіркелді. Оның ішінде жалғызбасты қарттар мен І, ІІ-топ мүгедектігі бар азаматтар саны — 736 адам, мүгедектігі бар бала — 191. Орталықта жұмыс істейтін 116 әлеуметтік қызметкердің 80-ні жалғызбасты қарттар мен І, ІІ-топ мүгедектігі бар азаматтарға, ал 36-сы мүгедектігі бар балаларға үйде қызмет көрсетеді, — деп хабарлады Әлеуметтік жәрдем орталығы.

Әлеуметтік қызметкерлер тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, экономикалық, құқықтық, мәдени көмек көрсетеді.

— Әлеуметтік қызметкераптасына кем дегенде екі рет қызмет алушыға барады. Ол міндетті түрде тәуліктің күндізгі уақыты болуы тиіс. Үй немесе пәтер жинайды, тамақ пісіруге көмектеседі, азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып әкеліп береді. Сонымен бірге коммуналдық төлемдерді төлейді, тұрғын үй жәрдемақысын рәсімдейді, зейнетақы төлеу орталығынан, банктерден, коммуналдық мекемелерден қажетті анықтамалар алып, хат жазу, жеделхаттар жіберу, қызмет алушыны емхана мен ауруханаға, нотариусқа еріп бару немесе үйге шақыру қызметтерін атқарады. Мәдени шараларға ертіп баруға болады. Сонымен қатар әлеуметтік қызметкер мүгедектігі бар балаларды жеке гигиенаға және өз-өзіне қызмет көрсетуге, ұсақ және ірі моторикасын дамытуға, қоршаған ортаны танып білуге үйретеді, баланы әлеуметтендіруге ықпал етеді, — деп хабарлады Әлеуметтік жәрдем орталығы.

Айта кетейік 2025 жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдардың 427,1 мың тапсырысы орындалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті. 

Соңғы жаңалықтар