Енді 5-сыныптан бастап оқушылар жеке қауіпсіздігін қорғауды үйренеді

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елде балаларға қатысты құқықбұзушылықтар саны 3,7%-ға азайды. Оң динамика еліміздің бірқатар өңірінде, соның ішінде Жамбыл, Атырау, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында байқалады, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан мектептерінде күзгі демалыс басталды: оқушылар 1 қарашаға дейін демалады
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Министрлік балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың іс жүзінде жүзеге асырылуын бағалау үшін өңірлерге барып, мониторинг жүргізіп жатыр. Бұған дейін кәмелетке толмағандардың қатысуымен қоғамдық резонанс тудырған оқиғалар болған немесе профилактикалық жұмысты ұйымдастыруда кемшіліктер анықталған өңірлерге ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Жетісу облысында мониторинг жүргізілді. Оның нәтижелері білім беру ұйымдарында балаларды қорғаудың қолданыстағы тетіктерін іс жүзінде қолдануды күшейту қажеттігін көрсетті.

Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесін жетілдіру жұмысы жалғасып жатыр. Қауіп-қатерлерді ерте анықтауға, кәмелетке толмағандарға жеке қажеттіліктеріне сай қолдау көрсетуге және олардың құқықтарының бұзылу фактілеріне уақтылы ден қоюға ерекше көңіл бөлінеді. Жаңа тәсілдерді пилоттық енгізу барысында педагогтердің кәсіби қызметін бағалауға балаларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттерді уақтылы анықтау көрсеткішін қосу көзделген.

— 2026-2027 оқу жылынан бастап 5-11 сынып оқушылары үшін міндетті «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізілді. Оқушылар қауіпті жағдайларды тануды, жеке шекараларын қорғауды, қауіпсіз мінез-құлық ережелерін сақтауды және дер кезінде көмек сұрауды үйренеді, — делінген хабарламада.

Бұдан бұрын БҚО-да мектеп ішінде төбелескен оқушы қыздар жауапқа тартылғанын жазғанбыз.