Ердоған Қазақстан үстінен ұшып бара жатып, Тоқаевқа жылы лебізін жолдады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға Қазақстан халқына жолдаған тілегі үшін алғыс айтты.
ҚР Президентінің кеңесшісі — Баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың ресми telegram-каналында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғаннан жеделхат келіп түскенін айтты.
— Корея Республикасына ресми сапармен бағыт алған мен тарихи атамекеніміз — достас әрі бауырлас Қазақстан аумағымен ұшып барамын. Биыл мамыр айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарымның, сондай-ақ Сіздің жақында ғана Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысу үшін Анкараға келген сапарыңыздың табысты нәтижелері мен жылы сәттерін ықыласпен еске алдым. Осы орайда, Сіздің деніңізге саулық, көңіліңізге қуаныш, ал бауырлас Қазақстан халқына бақ-береке тілеген ізгі сәлемімді жолдағым келеді, — деп жазды түрік көшбасшысы жеделхатта.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы ТМҰ саммитіне қатысу үшін Анкара қаласына ресми сапармен барған қазақ делегациясын жылы қарсы алған Түркия Президентіне алғыс айтты.
— Корея Республикасына барар жолда Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы ұшып бара жатқан Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғаннан жылы лебізге толы хабарлама алдым. Мамыр айында Түркия Президентінің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары және менің жуырда Анкараға жасаған сапарым екі ел арасындағы тығыз байланысты тағы бір мәрте айқындай түсті. Қазақстан халқына жолдаған ізгі тілектері үшін және Анкараға сапарымыз кезінде делегациямызға көрсеткен зор қонақжайлығы үшін Президент Ердоғанға шынайы алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да екі ел арасындағы достық пен стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайта түсуге ниеттімін, — деп жазды Тоқаев.
I was pleased to receive a warm message from President @RTErdogan as he flew over Kazakhstan on his way to the Republic of Korea. His state visit to Kazakhstan in May and my recent visit to Ankara reaffirmed the close ties between our countries. I sincerely thank President Erdoğan for his kind wishes to the people of Kazakhstan and for the generous hospitality extended to our delegation during our visit to Ankara. I look forward to further strengthening the friendship and strategic partnership between our two nations.
— Qasym-Jomart Toqayev (@TokayevKZ) November 2, 2026
Еске сала кетейік, 28 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Түркияға барды. Мемлекет басшысын Анкара қаласындағы Этимесгут әуежайынан Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған күтіп алды.
Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкарадағы Президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Қос ел Мемлекет басшылары келіссөз жүргізіп, Президент қонақжайлық танытқаны үшін Түркия Президентіне алғыс айтып, әріптесі мен барша түрік халқын ұлттық мереке — Республика күнімен құттықтады. Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге ниетті екенін растады.
Сонымен қатар Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысу үшін «Кулие» сарайына барып, сөз сөйлеген болатын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына сапары 30 қазанда аяқталды.