Ерлан Қарин: Жаңа Құрылтай депутаттарына тарихи жауапкершілік жүктеліп отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Вице-президент Ерлан Қарин Құрылтай құрамы 80 пайызға жаңарғанын айтты.
— Жаңадан құрылған бір палаталы Құрылтай өз жұмысын бастады. Бұған дейінгі шақырылыммен салыстырғанда Құрылтай құрамы шамамен 80%-ға жаңарды. Сонымен қатар, заң шығарушы органға өткен әйелдер мен жастардың саны едәуір артты, — деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.
Ерлан Қарин Құрылтайдың жаңа құрамына тарихи жауапкершілік жүктелгенін атап өтті.
— Шын мәнінде, халық қалаулылары тарихи оқиғаның бел ортасында жүр. Олар алғашқы Құрылтайдың құрылуына куә болып, оның қызметіне тікелей қатысуда. Осы тұрғыдан алғанда, бұл үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік деп білемін. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі дәл осы Құрылтайдан басталады. Сондықтан, депутаттарға тарихи жауапкершілік жүктеліп отыр, — деді Вице-президент.
Ол саяси партиялардың фракция жетекшілерімен кездесіп, бірлескен жұмыстың бағыт-бағдарын талқылағандарын айтты.
— Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, жаңа сессияның басында саяси партиялардың фракция жетекшілерімен кездесіп, бірлескен жұмыстың бағыт-бағдары жөнінде пікір алмастық. Өз кезегінде олар үгіт-насихат науқаны кезінде сайлаушылар тарапынан көтерілген мәселелерді ортаға салды. Фракция жетекшілерімен алдағы уақытта да дәл осылай жиналып, ой бөлісіп тұруға уағдаластық. Себебі, ашық әрі тұрақты диалог — тиімді жұмыстың кепілі, — деп түйіндеді Қарин.
Еске салсақ, 31 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вице-президент лауазымына Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды.
Өз кезегінде Құрылтай Вице-президент лауазымына Ерлан Қариннің кандидатурасын қолдады.
Президент Ерлан Каринді Вице-президент етіп тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Кейіннен Тоқаев Ерлан Қариннің жаңа қызметіндегі міндеттерін айқындады.