Есірткі қылмысын жасаған 4 мыңнан аса адам түрмеде отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Есірткі қылмысын жасағаны үшін 4 293 адам жазасын өтеп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

Қазақстанда түрмедегі тұтқындар саны 7 мыңға артты
Фото: Pexels

«Қазіргі уақытта қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде есірткінің заңсыз айналымы үшін 4293 адам сотталған, оның ішінде 687 есірткі сатушы, олардың 366-сы 18 бен 30 жас аралығындағы адамдар және тек 6-ы кәмелетке толмағандар. Бұл ретте ішкі істер органдары «жасырып кетушілерді» ұстаумен ғана шектелмейді. Тергеу барысында оқыту, есірткімен және өткізу үшін қажетті техникалық құралдармен жарақтандыру мән-жайлары мен адамдар тобы анықталады. Сонымен бірге мүдделі мемлекеттік органдар жастардың, әсіресе, отбасылық, әлеуметтік жағдайғы қолайсыз және өмірде қиын жағдайда жүрген балалар мен жасөспірімдердің есірткі қылмысы ортасына түсуінің алдын алу мақсатында тиісті профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Осы мақсаттар үшін білім беру мекемелерінің жұмыскерлерін, сондай-ақ мектеп психологтарын даярлау процесін жолға қоюға ықпал ететін профилактикалық көп сатылы модель құрылды», - деді Премьер-Министр.

Оның атап өтуінше, оқу орындарында нашақорлық профилактикасын ұйымдастырудың халықаралық стандарттары зерделеніп, енгізіліп жатыр. Балалардың есірткі ортасына кіріспеуі үшін олармен сенімді қарым-қатынас орнату әдістері және есірткіні қолданудың зиянды салдары туралы хабардар ету мақсатында 9-11 сынып оқушыларының ата-аналарымен жоспарлы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Колледждер мен жоғары оқу орындарының оқушылары үшін есірткіге қарсы заңнама нормаларын түсіндіре отырып, тұрақты негізде бейне-дәрістер өткізіледі.

«Бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйымдар белсенді тартылуда. Олардың өкілдері нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру бойынша өңірлік ведомствоаралық штабтардың, әкімдіктер жанындағы жұмыс істеп тұрған штабтардың құрамына енгізілді. Нашақорлық пен есірткі бизнесі ұлт денсаулығына, мемлекеттің қалыпты жұмыс істеуі мен қоғамның тыныс-тіршілігіне қауіп төндіретін елеулі сын-қатер саналады. Үкімет пен басқа да уәкілетті органдардың жұмысы бұл құбылысты толығымен жоюға бағдарланған», - деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, соңғы 2 жылда елімізде 123 есірткі зертханасы жойылды.

 Осы аралықта Шекара қызметі есірткі контрабандасының 501 фактісін тоқтатты.

 

Соңғы жаңалықтар