Еуропа лигасы: «Байер» сырт алаңда «Романы» жеңді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан UEFA Еуропа лигасы жартылай финалындағы алғашқы ойындардың нәтижесі белгілі болды.

Жарыстың аталған сатысындағы алғашқы ойында Италияның «Рома» командасы өз алаңында Германияның «Байер» командасын қабылдады.
Биыл «Байер» командасы өз жанкүйерлерін ерекше қуантып келеді. Өзінің 119 жылдық тарихында аталған клуб бірде-бір мәрте Германия бундеслигасында чемпион атағына қол жеткізіп көрмеген еді. Биыл алғаш рет жеңіс тұғырына көтерілді. 2022 жылдан бері команда тізгінін ұстаған испаниялық бапкер Хави Алонсо «Байерді» жетістікке жетелеп келеді. Команда барлық турнирде 46 ойын бойы жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ.
Бүгінгі кездесуде де олар жақсы ойын өрнегін көрсетті. Кездесудің 28-минутында италиялық қорғаушылардың қателігін шебер пайдаланған Флориан Вирц «Байерді» алға шығарды.
Ал 73-минутта Роберт Андрих есепті үстемелей түсті.
Осылайша «Байер» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ, бүгін тағы бір кездесуде «Марсель» (Франция) мен «Аталанта» (Италия) 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Қарымта ойын 9 мамырға белгіленген.
Еске салсақ, бұдан бұрын Чемпиондар лигасы жартылай финалында алғашқы ойындар өткізілді.