ФБР Лос-Анджелесте жаңа жыл түні жоспарланған терактілердің алдын алды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың арнайы қызметі Лос-Анджелесте жаңа жыл түні террористік шабуылдар ұйымдастырмақ болды деген күдікпен төрт адамды ұстағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Bild.
АҚШ билігінің мәліметінше, ұсталғандар радикалды пропалестиналық топтың болжамды мүшелері саналады және олар бірқатар жарылыс ұйымдастыруды жоспарлаған.
Ұсталғандар туралы ақпарат бүгін тарады. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер шабуылдарды қалада жаппай іс-шаралар өтетін, көшелерде мыңдаған адам жиналатын жаңа жыл мерекесі кезінде жасауды талқылап, соған дайындалған. Алайда ФБР нақты қай нысандардың нысанаға алынуы мүмкін болғанын әзірге жариялаған жоқ.
Қазіргі уақытта төрт күдікті де қамауда отыр, оларға теракт дайындау және экстремистік қызметке қатысу баптары бойынша айып тағу жоспарланып отыр.
Бұған дейін Аустралияның Сидней қаласында Bondi Beach жағажайында теракт жасалған болатын. Ол еврейлердің Ханука мерекесінің басталуына арналған іс-шара кезінде болған.
Аталған террористік шабуылды Германия, Еуропалық одақ және Түркия айыптады.
Сонымен қатар БҰҰ басшысы да Сиднейде адамдарға жасалған шабуылды айыптағаны айтылды.
Кейіннен Сиднейдегі шабуылдан қаза тапқандар саны 16-ға жуықтағаны анықталды.
Аустралияда лаңкесті тоқтатқан қарапайым сатушы туралы не белгілі екенін жазған едік.