Футболдан Қазақстан чемпионатында «Тараз» «Шахтерді» тізе бүктірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының алтыншы турында «Тараз» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Өткен турда қарағандылықтар «Мақтааралды» 5:1 есебімен ұтса, тараздықтар елордада «Астанаға» есе жіберген еді – 1:2.

Бұл жолы қос команда құрамында аздаған өзгерістер болды.

Бірінші таймда есеп ашылмаса, ойынның екінші кезеңі әлдеқайда тартысты өтті. 58-минутта Бауыржан Байтананың әдемі пасынан кейін тараздық Абылайхан Жұмабек есеп ашты – 1:0. Содан кейін 78-минутта Б.Байтананың тағы бір тамаша пасын Әділет Кеңесбек мүлт жібермеді – 2:0.

Матч соңында 97-минутта Айдос Тәттібаев 11 метрлік айып добын дәл орындап, есепті қысқартты. Сосын «Шахтер» сапынан дөрекілігімен көзге түскен Михаил Габышев алаңнан қуылды.

Қорытынды есеп – 2:1, «Тараздың» пайдасында.

Бұл ойыннан кейін 8 ұпай жинаған «Тараз» жетінші орынға көтерілді.

Чемпионаттағы алғашқы жеңілістің дәмін татқан «Шахтер» 10 ұпаймен 4-орында қалды.

Келесі турда 21 сәуір күні «Тараз» сырт алаңда «Ақсумен» ойнаса, «Шахтер» Қарағандыда Оралдың «Ақжайығын» қабылдайды.

Бүгін сондай-ақ «Мақтаарал» «Ақсуды» 2:1 есебімен ұтып, биылғы маусымдағы тырнақалды жеңісіне қол жеткізді.

Біріншілікте жеңілмеген бір команда – «Қайрат» қана қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан Қазақстан чемпионатында «Ақжайықтың» «Астанадан» басым түскенін, «Қайсардың» қайта көш басына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ «Тобыл» мен «Қайрат» тең ойнады.


Соңғы жаңалықтар