Футзалдан Чемпиондар лигасы: «Аят» хорватиялық командадан жеңілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Аят» футзалдан UEFA Чемпиондар лигасының негізгі сатысындағы үшінші ойынын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футзалдан Чемпиондар лигасы: «Аят» хорватиялық командадан жеңілді
Фото: ville-ronchin.fr

Бұл жолы қазақстандық команда Хорватияның «Пула» клубымен кездесті.

Кездесуді қазақстандық футзалшылар сәтсіз басталды. Хорватия командасы қатарынан үш гол соғып кетті. Ойынның 19-минутында «Аят» сапынан Азат Валиуллин есеп айырмасын қысқартқан еді. Одан кейін хорватиялық команда тағы бір гол енгізді.

Екінші кезеңді «Аят» ойыншылары қарқынды бастады. Нәтижесінде Леандро 24-минутта гол соқса, 26-минутта «Пула» командасы оған бір голмен жауап қайырды.

Осылайша «Аят» қарсыласынан 2:5 есебімен жеңіліп, жарысты жалғастырудан тыс қалды.

Еске салсақ, бұдан бұрын Хорватияның «Ново Време» клубымен 2:2 есебімен тең түссе, одан кейін Португалияның «Спортинг» клубына 1:7 есебімен жол берді.

Ал Алматының «Қайраты» турнирдің элиталы сатысына жолдама алды.