Гаага соты Мьянманы рохинджа халқына геноцид жасады деп таныды
АСТАНА. KAZINFORM — 19 қарашада Гаагадағы БҰҰ-ның халықаралық соты Мьянманы рохинджа халқына қарсы геноцид жасағаны үшін жауапты деп таныды. Бұл шешімнің тарихи маңызы бар. Себебі халықаралық сот тұңғыш рет тұтас бір мемлекетті геноцид жасағаны үшін жауапты деп таныды. Бұл туралы BBC жазды.
Басылымның жазуынша, рохинджа халқына қарсы жаппай қылмыстарға қатысты сот процесі жеті жылға созылған. Мьянмаға қарсы талап-арызды 2019 жылғы қарашада Ислам ынтымақтастығы ұйымының қолдауымен Гамбия берген.
Іс 2017 жылғы тамыз-қыркүйек айларында Ракхайн штатында өткен әскери операцияға байланысты қозғалды. Құқық қорғау ұйымдары мен БҰҰ миссиясының мәліметінше, әскери операция кезінде бейбіт тұрғындар жаппай қырғынға ұшырап, азаптау мен зорлық-зомбылыққа тап болған. Сонымен бірге халық туған жерінен күштеп көшірілген.
BBC мәліметінше, 1948 жылы Геноцид қылмысының алдын алу және ол үшін жазалау туралы конвенция қабылданғаннан бері халықаралық сот органдары бірнеше рет жекелеген адамдарды геноцид жасағаны үшін кінәлі деп таныған. Атап айтқанда, Руанда мен бұрынғы Югославия аумағында жасалған қылмыстарға қатысты осындай шешімдер шығарылған.
Алайда бұл жолғы шешімнің ерекшелігі — жекелеген лауазымды тұлғалар немесе әскери қызметкерлер емес, тұтас бір мемлекеттің жауапкершілігі қарастырылды.
1945 жылы құрылған БҰҰ-ның халықаралық соты мемлекеттер арасындағы дауларды қарайды. Ол жекелеген адамдардың қылмыстық жауапкершілігін анықтайтын Халықаралық қылмыстық соттан ерекшеленеді.
Басылымның хабарлауынша, Гамбия сотқа Геноцид туралы конвенция бойынша міндеттемелер оған қосылған барлық мемлекетке ортақ деген негізбен жүгінген. Демек, олардың әрқайсысы конвенция талаптарының орындалуын талап етуге құқылы.
Мьянма Гамбияның мұндай талап-арыз беру құқығына қарсылық білдіргенімен, сот шағымды қарау туралы шешім қабылдады.
Мьянма билігі сот процесі барысында геноцид пен этникалық тазарту туралы айыптауларды жоққа шығарды. Олардың мәлімдеуінше, әскери күштер рохинджа қарулы топтарының шабуылдарына жауап ретінде операция жүргізген.
Ал БҰҰ-ның 2018 жылғы есебінде жүздеген адамның куәлігіне сүйене отырып, Мьянма әскерінің әрекеті қауіпсіздікке төнген қатерден әлдеқайда асып түскені айтылған. Сарапшылар елдің жоғары әскери басшылығының геноцид пен адамзатқа қарсы қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруді ұсынған.
BBC еске салғандай, бұл іске Мьянманың бұрынғы мемлекеттік кеңесшісі, Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Аун Сан Су Чжидің қатысуы да ерекше назар аудартты. 2019 жылы ол Гаагадағы алғашқы сот отырыстарына қатысып, ел билігінің ұстанымын жеке өзі қорғаған.
2021 жылғы әскери төңкерістен кейін Аун Сан Су Чжи биліктен шеттетіліп, қамауға алынды. Кейін БҰҰ-ның халықаралық сотында Мьянманың мүддесін әскери басшылық тағайындаған заңгерлер тобы қорғады.
Басылымның мәліметіне қарағанда, геноцидті дәлелдеу үшін сотқа бұлтартпас айғақтар қажет, яғни жаппай қылмыстардың жасалғанын ғана емес, белгілі бір ұлттық, этникалық, нәсілдік немесе діни топтың тегіс не ішінара көзін құрту көзделгенін де анықтауы керек.
19 қарашадағы шешімінде БҰҰ-ның халықаралық соты Мьянманың 2017 жылы рохинджа халқына қарсы жасаған әрекеттерін геноцид деп танып, мемлекеттің халықаралық конвенция бойынша міндеттемелерін бұзғанын анықтады.
2025 жыл рохинджа босқындары үшін ең қасіретті кезеңдердің біріне айналды. Бенгал шығанағы мен Андаман теңізінде шамамен 900 адам қаза тапқан немесе із-түзсіз жоғалған. Еске салайық, бұған дейін кейінгі он жылда бұл суларда 5 мыңға жуық адам суға кеткенін жазғанбыз.