Гаитидегі қылмыскерлердің жартысы — балалар — UNICEF

АСТАНА. KAZINFORM — Гаитиде бір жылда қарулы топтар қатарына тартылған балалардың саны 70 пайызға өсті. Бұл туралы UNICEF баяндамасында айтылған. 

Гаитидегі қылмыс
Фото: ЮНИСЕФ/Ромензи

Гаити ондаған жыл бойы саяси тұрақсыздықты бастан өткерді, бірақ соңғы айларда зорлық-зомбылық күшейе түсті. Бандылар қазір ел астанасы Порт-о-Пренстің 80 пайызын бақылап отыр.

— 2023 жылдың екінші тоқсаны мен 2024 жылдың екінші тоқсаны арасындағы бұрын-соңды болмаған бұл көрсеткіш зорлық-зомбылық күшейген Кариб теңізі аралындағы балаларды қорғау дағдарысының одан әрі тереңдей түскенін көрсетеді, — делінген UNICEF мәлімдемесінде.

UNICEF балаларды мұндай жұмысқа тартудың өсуін — зорлық-зомбылықтың артуы, кең таралған кедейлік, білімнің жетіспеушілігі және маңызды инфрақұрылымның толығымен жойылуымен байланыстырып отыр. Сонымен қатар, ұйым қарулы топ мүшелерінің жартысы қазір балалар екенін атап өтті.

Бұл мәлімдемеге UNICEF-тің атқарушы директоры Кэтрин Рассел де пікір қосты.

— Гаитидегі балалар қатыгез циклге түсіп қалған — олар өздерінің қиын жағдайына ықпал ететін қарулы топтарға қосылуда және олардың саны артып келеді, — деді ол.

Айта кетейік, сәуір айының басында үш апта ішінде 53 мыңнан астам адам қатыгез топтың, яғни, қарақшылардың зорлық-зомбылығынан құтылу үшін Гаити астанасын тастап кеткен еді. 

Соңғы жаңалықтар