Газадағы атысты тоқтату келісімі күшіне енді

АСТАНА.KAZINFORM - Газа секторындағы Израиль мен Палестина күштері арасындағы атысты тоқтату туралы келісім 10 қазан күні жергілікті уақыт бойынша түс кезінде  (Астана уақыты бойынша 14:00) күшіне енді.

Газадағы атысты тоқтату келісімі күшіне енді
Фото: Haitham Imad

Бұл туралы Израиль қорғаныс күштері (IDF) хабарлады.

Келісім күшіне енгеннен кейін 72 сағат ішінде тірі және өлі израильдік тұтқындар босатылады.

Израиль премьер-министрінің кеңсесі Газада қалған кепілге алынғандарды қайтаруды жоспарлаған операцияны «Шекараға оралу» деп жариялады.

Өз кезегінде Израиль өмір бойына бас бостандығынан айырылған 250 палестиналық тұтқынды, сондай-ақ соғыс кезінде түрмеде отырған қосымша 1700 газалықты босатуы керек.

24 сағат ішінде Израиль күштері Газа секторының бірнеше аймағынан («Сары сызық» деп аталатын) оңтүстігіндегі Хан Юнистен солтүстіктегі Бейт-Лахияға дейін шығарылады деп жоспарланған.

Келісімнің бірінші кезеңі бойынша Израиль «сары сызық» аймағына шегініп, Газа аумағының 58 пайызын сақтап қалады.

Келісімнің ХАМАС-ты қарусыздандыру және Израиль әскерлерін Газадан толық шығаруды қамтитын кейінгі кезеңдері әлі келісілген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, Израиль мен ХАМАС арасындағы арадағы келіссөздердің бірінші раунды 6 қазанда Мысырда өтті. Сәрсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен ХАМАС-тың Газа секторы бойынша келіссөздің бірінші кезеңі бойынша келісімге келгенін хабарлады.

Бейсенбі күні Израиль үкіметі премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың толық кабинеті дауыс беруге ұсынған атысты тоқтату туралы ұсынысты мақұлдады.

Соңғы жаңалықтар