Гепатитпен күрес күні: Қазақстанның мүмкіндіктері қандай

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл сайын 28 шілдеде әлемде Дүниежүзілік гепатитпен күрес күні (World Hepatitis Day) атап өтіледі. 2016 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2030 жылға қарай С вирустық гепатитін жою жөніндегі жаһандық бағдарламасы басталды. ДДСҰ Қазақстанды Орталық Азия мен ТМД кеңістігінде осы бағдарламаны орындауда көшбасшы деп таныды.

бауыр ауруы, гепатит, цирроз
Фото: ДСМ

Вирустық гепатиттер денсаулық сақтаудың маңызды жаһандық мәселесі болып қала береді. ДДСҰ дерегінше, олар өлімге әкелетін жұқпалы аурулар ішінде екінші орында тұр. Әлемде жыл сайын 1,3 миллион адам вирусты гепатиттен көз жұмады, бұл күніне шамамен 3500 адам деген сөз. 

Жыл сайын В гепатитінің 1,2 миллион, ал С гепатитінің шамамен 1 миллион жаңа жағдайы тіркеледі. ДДСҰ 2030 жылға дейін гепатит жұқтыру көрсеткішін 90%-ға, ал өлім-жітімді 65%-ға дейін азайтуды мақсат етіп отыр.

— 2024 жылы Қазақстанда «Д» есепте «В вирусты гепатиті» диагнозымен 33 462 адам, ал созылмалы С вирусты гепатитімен 35 984 адам тіркелген. Бір жылда В гепатитімен алғаш рет диспансерлік есепке алынған адамдар 5360 адамды, С гепатитімен — 8470 адамды құрады. Өткен жылы елімізде шамамен 400 мың адам В және С вирусты гепатиттерін анықтау үшін тексеруден өтті. Оған қоса, 30 мыңнан астам ересек науқас вирусқа қарсы ем қабылдаған, — деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

Салыстыра айтқанда 2023 жылы Қазақстанда вирусты гепатитпен сырқаттанушылық деңгейі әр 100 мың тұрғынға шаққанда 10,23 жағдайды құраған. Сол жылы А гепатиті жағдайларының артуы, сондай-ақ созылмалы В және С гепатиттерінің өсуі байқалған еді. Ал 2024 жылғы деректер бұл саладағы диагностика мен ем-домның артқанын көрсетеді.

Биыл қолға алынған «Гепатитпен күрес: кедергілерді жоямыз» науқаны гепатитті жоюға және бауыр обырының тиімді алдын алуға кедергілерді жоюға шақырады. Ол вакциналау, қауіпсіз инъекциялар және бауырға жағымсыз әсерлерді азайту сияқты кешенді шараларды енгізу қажеттігін атап көрсетеді.

Бүгінде В гепатитіне қарсы қауіпсіз вакциналар, сондай-ақ С гепатитін толық емдеуге мүмкіндік беретін дәрі-дәрмектер бар. В гепатитіне қарсы вакцина 95% жағдайда аурудың дамуына жол бермейді және D гепатитінен де жанама түрде қорғайды.

Қазақстанда 1998 жылдан бастап жаңа туған сәбилерге перзентханада алғашқы күні-ақ В гепатитіне қарсы вакцина егіледі. Еліміздегі гепатология орталықтарында скринингтік тексерулер жүргізіледі. Қазіргі басты міндет — аурудың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар жүйесін әзірлеу.

— Қазақстанда созылмалы бауыр ауруларын, соның ішінде вирусты гепатиттерді емдеуге арналған мамандандырылған медициналық көмектің барлық түрі бар. Гепатиттің ауыр зардаптарын ескере отырып, еліміздің денсаулық сақтау жүйесі аурудың алдын алуға, скринингтік тексерулерге, уақтылы ем жүргізуге ерекше мән беріп отыр. Гепатит бауыр тінінің қабынуын білдіреді. Оның А, В, С, D және Е типтері ретінде анықталған бес негізгі гепатит вирусы бар. Өлімнің ең көп тараған себебі — В және С гепатиттері жыл сайын әлемде 1,3 миллион адамның өмірін қияды, — дейді министрлік.

Бауыр циррозына әкелетін себептер арасында вирустық гепатиттер, алкогольдік және алкогольсіз майлы бауырдың зақымдануы, сондай-ақ бауырдың аутоиммунды және метаболикалық аурулары басты орын алады.

Гепатиттен қорғану үшін гигиенаны сақтау маңызды (А және Е вирустарынан қорғану үшін), қан құю кезінде және жыныстық қатынас кезінде абай болыңыз — бұл В және С вирустарынан қорғауға көмектеседі. Вакциналау адамды А және В гепатиттерінен қорғайды, ал препараттар 95% жағдайда тиімділікті көрсетеді.

Айта кетейік, А гепатиті көп жағдайда тұрмыстық жолмен жұғады

Соңғы жаңалықтар