Глеб Новиков жасөспірімдер Олимпиадасында жеңімпаздан 59 секундқа қалып қойды

АСТАНА. KAZINFORM — Дакарда (Сенегал) өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында тасжолдағы велоспорттан ұлдар арасында топтық жарыс мәресіне жетті.

Глеб Новиков жасөспірімдер Олимпиадасында жеңімпаздан 59 секундқа қалып қойды
Фото: ҚР ҰОК

Бұл сайыста Қазақстан намысын Глеб Новиков қорғады.

Отандасымыз 76,5 шақырым қашықтықты 1 сағат 48 минут 3 секундта жүріп өтіп, 22-ші болып мәре сызығын кесті. Ол жеңімпаздан 59 секундқа қалып қойды.

Жарыста бельгиялық Даан Вилмсен топ жарып, алтын медаль иеленді. Оның нәтижесі — 1:47:04. Ресейлік Степан Бортник күміс жүлдеге қол жеткізсе, аустралиялық Калеб Маккензи қола медаль жеңіп алды.

Үш спортшы да жарысты бірдей уақытта аяқтады. Жүлдегерлер мәреге кімнің бірінші жеткеніне қарай анықталды.

Еске салайық, Дакардағы Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан 18 спортшы өнер көрсетіп жатыр. Қазіргі таңда қоржынымызда екі медаль бар. Дзюдошы Фатима Сұпығалиева алтын жүлде иеленсе, триатлоншы Рамазан Әйнегов қола медаль жеңіп алған еді.

Сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Дакарда (Сенегал) IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысып жатқан қазақстандық спортшылармен жүздескенін жазғанбыз.