«Халық үнін естуші мемлекет» тұжырымдамасы қалай іске асып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Халықпен тиімді кері байланыс орнату – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы Жолдауының өзегі осы міндет еді. Президент мемлекеттік басқару жүйесіне өзгерістер енгізіп, ашықтық, пікірлер плюрализмін орнатуды жүктеді. Содан бері бес жыл өтті. Мемлекет басшысының «Халық үнін естуші мемлекет» тұжырымдамасы қаншалықты іске асып жатыр. Кazinform агенттігінің тілшісі зерттеп көрді.

Цифрлық қызмет
Фото: Максат Шагырбаев/Kazinform

Мемлекет басшысы өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барлық азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталуы тиіс екенін айтқан болатын. Бұл ретте Президент мемлекеттік аппарат қызметіндегі проблемалар көбінесе азаматтар мен жергілікті жерлердегі шенеуніктер арасындағы кері байланыстың болмауына байланысты екендігіне назар аударды. Тұжырымдаманың ең басты қағидаты — мемлекеттік органдардың ашықтығы. Ол қалай іске асырыла бастады?

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

2019 жылдың жазында Президент Жарлығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Бұл – Президенттің ең маңызды бастамасының бірі. Негізгі мақсаты – жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау. Осылайша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Оның барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам болып, жұртшылықты еңбекке баулу керектігін жиі еске салып отырды.

«Мемлекет өз азаматтарын тыңдай білуі тиіс. Ең бастысы тыңдауы керек. Біз мемлекеттің әлеуметтік саясатын қайта қарауымыз керек. Ұлттық экономика – біздің қазақстандықтардың әл-ауқатына негізделуі тиіс. Басқаша айтқанда, мемлекет табысын бөлуде әділдікті күшейтуге тиіспіз. Бірақ, масылдық пиғылдың орын алуына жол берілмейді. Өкінішке қарай, бұл кесел ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізуде. Біз бүкіл қоғам болып, жұртшылықты еңбекке баулуға тиіспіз. Табысты жұмыс істегені үшін азаматтарды қаржылай ынталандыру керек. Бұл – мемлекеттің міндеті. Біз осы міндеттерді орындауымыз керек», – деді Президент. 

Ұлттық құрылтай
Фото: akorda.kz

Кейін Қазақстанда халықтың жоғын жоқтап, қарапайым адамдардың ұранын көтеріп, туын ұстайтын Ұлттық құрылтай құрылды. Ұлттық құрылтайдың Ұлттық қоғамдық кеңестен қандай айырмашылығы бар деген сауалға Ерлан Карин былай деп жауап берген еді.

«Егер Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі пікірталас тақырыбы ағымдағы әлеуметтік-экономикалық проблемалар, саяси реформалар мәселесі болса, ал Ұлттық құрылтайда талқылау тақырыбы жалпыұлттық құндылықтар негізінде қоғам бірігуінің одан ары дами түсуіне қатысты ұзақмерзімді сипаттағы мәселелер болады», - деді Мемлекеттік кеңесші. 

Ұлттық құрылтайдың құрамы Мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелерінен, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден жасақталды. Президенттің пайымдауынша, Құрылтайдың жұмысы сапалы болуы үшін елдің жоғын жоқтайтын азаматтар бас қосуы керек.

«Бізде түрлі пікірталас орны бар. Бірақ ұлттық құрылтайдың орны бір бөлек. Құрылтай – кең ауқымды жиын. Бірақ бұл жұмыстың сапасына кері әсер етпеуі керек. Отырыстарды мұқият ұйымдастыруымыз қажет. Бұл жерде шын мәнінде халықтың үні естілуге тиіс. Кез келген адамды құрылтайға қатыстыруға болмайды. Жұрттың мұң-мұқтажын, талап-тілегін жеткізетін азаматтар бас қосуы керек», - деген еді Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы Түркістан қаласында ұйымдастырылды. Онда «Қоғамдық консолидация», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым» жұмыс секциясына бөлінген сала мамандары ел ішіндегі мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын ұсынды. Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны Атырауда болды. Осы үш жиынның әрқайсысында қоғамымыздың басты құндылықтарына айналуы тиіс мәселелерге назар аударылды: бұл – Адал азамат, Адал адам, Адал еңбек және Адал табыс ұғымдары.

орталық
Фото: Руслан Кадыров

Сондай-ақ Президент Əкімшілігі жанынан азаматтардың ұсыныстары мен шағымдарын қабылдайтын арнайы бөлім ашылды

2020 жылғы 18 ақпанында «Ашық диалог» порталында «Халық үнін естуші мемлекет» тұжырымдамасына көшу» тақырыбында сауалнама өткізілді. Сауалнама «Халық үнін естуші мемлекет» тұжырымдамасын тұрғындар қалай қабылдайтынын және оған олардың тарапынан қандай ұсыныстар болатынын білу мақсатында жүргізілді.

Сол жылдың мамырында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі әрбір азаматтың мемлекеттік қызметті жетілдіруге және қолжетімді цифрлық мемлекетті құруға үлес қосуына мүмкіндік беретін «Тыңдау» бірегей жобасын іске қосты

Мемлекеттік органдарға «бір терезе» қағидасы бойынша өтініш немесе талап жолдауға арналған «Е-Otinish» сандық платформасы енгізілді. Қазір қазақстандықтар аталған платформа арқылы өз сауалдарын жолдап, уақтылы жауаптарын алып отыр. Кейінгі 5 жылда жіберілген арыз-шағым саны 2 еседен артқан. Мәселен, 2024 жылдың 5 айында Алматы қаласының әкімдігіне «Е-Otinish» базасы бойынша 130 799 өтініш түсті. Оның ішінде 619-ы ведомстволық бағынысты заңды тұлғаларға түскен. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 45%-ға немесе 58 567 өтінішке артық.

эцп
Фото: Kazinform

Өтінішті үш тәсілмен беруге болады: қолма-қол, пошта байланысы арқылы немесе «е-Otinish» ақпараттық жүйесі арқылы электронды түрде. Осыған байланысты Сіздің өтінішіңізді тіркеу және қарау үшін оны жоғарыда аталған әдістердің бірімен тапсыру қажет.

АӨК-ге сәйкес, мемлекеттік органдар 15 жұмыс күні ішінде өтінішке жауап беруге міндетті. Қазақстандықтарға олардың өтініштерін қадағалау функционалы қолжетімді: олар SMS-хабарламалар алады және өтінішті қараудың қандай сатысында тұрғанын білетін болады.

Бұдан бөлек, әкімдер мен орталық атқарушы орган өкілдері тұрғындармен кездесуінің жаңа форматы енгізілді. Азаматтармен қарым-қатынастың бірыңғай стандарты жасақталып, үздіксіз қызмет ететін онлайн-қабылдау алаңдары әзірленді. Барлығы – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың негізгі тетіктері.

Сонымен қатар, «Ашық үкімет» порталы жұмыс істеп тұр. Оның ішінде ашық диалог, ашық деректер, ашық НҚА базасы бар. Азаматтар танысып, өз ойларын білдіре алады. «Ашық бюджет» порталы да қол жетімді. Бұл жерде кез келген Қазақстан азаматының өз ойын ортаға тастау мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілердегі жеке парақшалары бар. Онда азаматтар өздерін толғандырып жүрген сауалын қойып, ойын ортаға салу мүмкіндігіне ие. Мәселен, «Халық қатысатын бюджет» пилоттық жобасын Қазақстанда алғаш рет 2019 жылы Алматы қаласының әкімдігі жүзеге асырды. Қала бюджетін қайда және не үшін жұмсайтынын тұрғындар ашық талқылау және дауыс беру арқылы анықтайды. Кейін Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, сарапшылар, мәслихат депутаттары, ҮЕҰ өкілдері қала тұрғындарының бастамаларына өз бағасын берді. Жобаның мақсаты – тұрғындардың бастамалары мен ұсыныстары негізінде Алматы аудандарының аумақтарын дамыту және абаттандыру.

Іске асыру тәртібі

Жобалық ұсыныстар budget.open-almaty.kz порталы арқылы қабылданады. Ол үшін өтінімді толтыру керек (жобалық ұсыныстың атауы, оның сипаттамасы, нысанның мекен-жайы), жобалық ұсыныстың нобайы мен сметасын міндетті түрде қоса беру керек (болжамды болуы мүмкін).

Жобалық ұсыныстар келесі өлшемшарттарға сәйкес болуы керек:

  • бір автор – бір өтінім – бір нысан;
  • қолжетімділік шектеулері жоқ қоғамдық нысан;
  • нысан оны іске асыру жоспарланған аудан аумағында, жалпыға ортақ аумақта орналасуы керек;
  • әкімдіктің құзыретінде болуы және т.б.

Келесі жобалық ұсыныстар қарастыруға қабылданбайды:

  • құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізбей тек жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге арналған;
  • болашақта қосымша элементтерді іске асыруды талап ететін;
  • Алматы қаласын дамыту бағдарламасына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтін;
  • коммерциялық сипаттағы және т.б.

Дауыс

Алматыда тұрақты тұратын тұрғындар ғана таңдау жасап, ұнаған жобаларына дауыс бере алады. Онлайн дауыс беруге қатысу үшін қажет:

  • budget.open-almaty.kz порталындағы «Дауыс беру» бөліміне өту;
  • өзіңізге ұнайтын 3 (үш) жобадан артық емес ұсынысты таңдау;
  • ЭЦҚ немесе ЖСН (SMS коды) арқылы дауыс беруді растаудың ең қолайлы әдісін анықтау.

Әсер

  • Азаматтық белсенділікті арттыру;
  • Қаланы басқару процестеріне тұрғындарды тарту;
  • Бюджет шығыстарының ашықтығы мен есептілігін, экономикалық және әлеуметтік тиімділігін арттыру;
  • Атқарушы органдардың жұмысына сенімнің артуы.

Сонымен қатар, шаһар басшысы аудан тұрғындарымен аптасына бір рет кездесу өткізеді. Онда қала әкімі атқарылып жатқан жұмыстар бойынша, есеп беріп, халықпен бірге әлеуметтік мәселелердің шешу жолдарын бірге қарастырады

Алматы люди адамдар
Фото: Александр Павский/Kazinform

ҚР Үкіметі бекіткен Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспары да қоғамдық талқылаудан өтті. Қоғамдық талқылаулар барысында барлық сегіз ауданның тұрғындары өз шағын аудандарының әлеуметтік нысандары, инженерлік желілері және басқа да инфрақұрылымдық құрылысын дамыту барысымен танысты. Олардың сұрақтары мен ұсыныстары негізінен нақты салаларға қатысты болды. Жұмыс тобының мүшелері олардың ескертулерін қарап, назарға алды

Естуші мемлекет тұжырымдамасына сәйкес, заң шығарушы орган мүшелері, депутаттар етене елдің ішін аралауды дәстүрге айналдырды. Халық қалаулылары қоғамдық қабылдаулар өткізіп, соның нәтижесінде уәкілетті органға нақты ұсыныстар беруді қолға алды.

Парламент палаталарының отырыстары мемлекеттік телеарналар мен әлеуметтік желілерде тікелей көрсетіле бастады. Онда қоғамда резонанс тудырған заң жобалары талқыланып келеді. Мәселен, қоғам пікірін ескерудің нәтижесінде мемлекеттік сатып алу туралы заңға 1 мыңға жуық түзету енгізілді. Жаңа нормалар экономиканың көлеңкелі тұстарын жойып, кәсіпкерлер жұмысын дұрыс үйлестіруге мүмкіндік берді.

Мемлекеттік органдардың халық алдындағы ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ азаматтық белсенділікті ынталандыруға бағытталған «Қоғамдық бақылау туралы», «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» секілді бірқатар маңызды заң қабылданды. Бұл заң жобалары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында ел Президенті «Қоғамдық бақылау» және «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңға қол қойды. 

Реформалар мен азаматтардың ұсыныстарына бастамашылық ету үшін онлайн петициялардың бірыңғай заңды институты құрылды.

Соңғы жаңалықтар