Хостелдегі өрт оқиғасы: Сотталушының әйелі мәлімдеме жасады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 13 адам өлім құшқан хостелдегі өрт бойынша сот отырысы жалғасып жатыр.
Іс Алмалы аудандық сотында судья Ернар Қасымбековтің төрағалығымен қаралып жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша екі адамға айып тағылып отыр. Олар – Әділбек Мұхамедьяров пен Александр Пекельник.
Кезекті сот отырысында сотталушы Әділбек Мұхамедьяровтың жұбайы Ботагөз Мұхамедьярова мәлімдеме жасады.
«Менің жолдасым жалдау шартын жасау кезінде өзінен жасырылған жалған мәлімдемелер мен кемшіліктердің құрбаны болды. Біз Крыша кз -тен үй-жайды жалға алу туралы хабарландыруды тапқанда, оның кез келген қызмет түріне, соның ішінде хостел ашуға да жарамды екені жазылған. Біз «Құса халық» ЖШС қызметкерімен кездестік, ол бізге жалпы ауданы 457 шаршы метр болатын бөлмені ұсынды бірінші қабатта бар болғаны үш бөлме, ал жертөледе алты бөлме болған», - дейді ол.
Ботагөз Мұхамедьярованың айтуынша, сарапшының қорытындысына сәйкес, өртке сыртқы ашық от көзінен жанғыш матрацтардың тұтануы себеп болған: сөндірілмеген темекі, оттық және тағы басқалары.
«Сарапшы өрттің электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болғанын жоққа шығарады, алайда бұл сараптаманың қорытындысын сотқа дейінгі тергеу органы есепке алмаған», - деді Ботагөз Мұхамедьярова.
Сондай-ақ сотталушының әйелі сотқа дейінгі тергеу барысында қасақана өртеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті.
«Өрт шыққан кезде хостелде болған күдіктілердің бірі Е. есімді азамат, ол қайғылы жағдай болған түнде хостелге 15 минутқа кірген. От тұтанғанда алғашқылардың бір болып қашып шыққан. Мұның бәрі «Сергек» камераларына түсіп қалды. Айта кетейін ол бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотталған», - деді ол.
Осыған дейін прокурор Нұразхан Мырзалы айыптау актісін оқыған болатын.
Прокурордың сөзінше, айыпталушы Мұхамедьяров ғимараттың функционалдық мақсатын өзгертіп, жөндеу жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар жалға алушы ол жерде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған. Дәлізге төсектер орналастырып, бірінші қабаттағы эвакуациялық есікті жиһаздармен жауып тастаған. Сондай-ақ жертөленің авариялық шығу есіктерін бекітіп қойған.
Пекельник өрттен қорғау жүйелерін жобалауға қажетті лицензиясының жоқтығына қарамастан, қолданыстағы дабыл жүйесін визуалды тексеріп, диагностика жүргізген. Бірақ ол бөлмелердің функционалдық мақсаттары мен ерекшеліктерін ескермеді.
Еске салайық, 2023 жылдың 30 қарашасында Әди Шәріпов, 86 мекенжайы бойынша «Almaty Hostel» хостелі өртенген болатын.
Төтенше жағдай департаментіне өрт туралы хабарлама 05:33-те түскен. Өрт салдарынан хостелде 13 адам қайтыс болды.
Мерт болған 13 адамның төртеуі – шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), қалған тоғызы – Қазақстан Республикасының азаматтары.
Кейінірек өртенген хостелдің иелері белгілі болды.
Хостел ғимараты Halyk Bank-ке тиесілі. Оны жалға алған – «ALA Hostel» ЖШС. Жалдау туралы келісімшарт 2023 жылы 21 қыркүйекте жасалған.
Былтыр желтоқсан айында хостелдің басшысы ұсталды.
2024 жылдың қыркүйек айында Алматы қаласының прокуратурасы хостелдегі өртке байланысты тергеудің аяқталғанын хабарлады.
Осыған дейін алғашқы сот отырысы өткені туралы жазған едік.