Хостелдегі өрт: Судья істі прокуратураға қайтарудан бас тартты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 13 адам өлім құшқан хостелдегі өртке қатысты сот процесі жүріп жатыр. Іс Алмалы аудандық сотында судья Ернар Қасымбековтің төрағалығымен қаралуда. ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша екі адамға айып тағылып отыр. Олар – Әділбек Мұхамедьяров пен Александр Пекельник.

Сот барысында Әділбек Мұхамедьяровтың қорғаушысы қасақана өрт қойды деген нұсқаны алға тартты.
Айтуынша, Еркін Таңжарықов есімді азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу барысында қасақана өртеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Сотта жәбірленушілердің кейбірі қайғылы жағдайға өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу емес, үшінші тұлғаның қасақана әрекетінен болды деп есептеп, қылмыстық істі прокурорға қайтаруды сұрады.
Жәбірленуші тараптың адвокаты да басқа адамды күдікті деп тану туралы қаулыны іске қосуды сұрады.
Бүгінгі сот отырысында прокурор Еркін Таңжарықовқа қатысты айып тағылмағанын, оның іс-әрекеттері заңды түрде дәлелденбегенін, бірқатар тергеу және жедел-іздестіру шараларының жүргізілмегенін мәлімдеді.
Сондай-ақ бір күн бұрын қылмыстық істі тоқтату туралы шешім шығарылған.
Судья Ернар Қасымбеков 2025 жылдың 11 маусымында прокурормен бекітілген Алмалы аудандық полиция басқармасы бастығының қаулысын оқып берді.
– Еркін Таңжарықовқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 202-бабының 3-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша бөтеннің мүлкін қасақана өртеп жібергені үшін қылмыстық қудалау оның іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды, - делінген қаулыда.
Осыған байланысты сот жәбірленушілер өкілінің істі прокурорға қайтару туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарды.
Сот бұған дейін Еркін Таңжарықов қылмыстық жауапкершілікке тартылса, сот қылмыстық істерді біріктіру мәселесін қарайтынын түсіндірген еді. Бірақ қазір бұған негіз жоқ.
Судья сонымен қатар сот процесі аяқталуға жақын екенін атап өтті.
— Мамандардан, сарапшылардан, куәгерлерден жауап алдық. Қорғаудың үш нұсқасын да, мемлекеттік айыптаушының негізгі нұсқасын да тексердік.Бұл шамамен 7-8 айға созылды. Сот тараптарға осы нұсқалардың барлығын жан-жақты тексеруге мүмкіндік берді. Нәтижесінде Таңжарықовқа қатысты түпкілікті шешім қабылданды - оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, - Ернар Қасымбеков.
Осыған дейін прокурор Нұразхан Мырзалы айыптау актісін оқыған болатын.
Еске салайық, 2023 жылдың 30 қарашасында Әди Шәріпов, 86 мекенжайы бойынша «Almaty Hostel» хостелі өртенген болатын.
Төтенше жағдай департаментіне өрт туралы хабарлама 05:33-те түскен. Өрт салдарынан хостелде 13 адам қайтыс болды.
Мерт болған 13 адамның төртеуі – шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), қалған тоғызы – Қазақстан Республикасының азаматтары.
Кейінірек өртенген хостелдің иелері белгілі болды.
Хостел ғимараты Halyk Bank-ке тиесілі. Оны жалға алған – «ALA Hostel» ЖШС. Жалдау туралы келісімшарт 2023 жылы 21 қыркүйекте жасалған.
2023 жылдың желтоқсан айында хостелдің басшысы ұсталды.