Хром және мұнай-газ: Ақтөбеде пайдалы қазбалардың қоры қанша
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Өңірде мұнай өндіру көлемі төмендеді. Кен орындарын игеру үшін тоқтап қалған зауыттарға жаңа инвесторлар іздеп жатыр. Ал былтыр ғана іске қосылған «Болашақ» шахтасы өндіру технологиясын өзгерді. Kazinform тілшісі Ақтөбедегі пайдалы қазбалар қоры мен оларды өндіру жоспарын білді.

Үш геологиялық барлау жұмысы жүріп жатыр
Қазақ жеріндегі хром мен талшықтастың (асбест) бәрі Ақтөбе территориясында орналасқан. Сонымен бірге титанның 69,7%, фосфориттің 34,5%, никельдің 25,5%, кобальттің 15,7% Ақтөбеде.
Мыс пен мырыш, темір, цирконий, алтын, көмір де бар. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті «Батыс жер қойнауы» Батыс Қазақстан өңіраралық геология департаментінің мәліметіне сүйенсек, минералдық-шикізат базасын толықтару мақсатында өңірде геологиялық барлау жұмысы жүріп жатыр.
Қазіргі кезде қатты пайдалы қазбаларды іздеу жұмыстары бойынша 3 жоба бар. Іздеу жұмыстары 2024-2026 жылдар аралығына жоспарланып, бекітілген.
— Барлау кезінде сынама алынады, ұңғыма қазу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі кезде қатты пайдалы қазбаларға басымдық беріліп отыр. Мұнай да табылуы мүмкін. 2026 жылдың төртінші тоқсанында барлық жұмыс қорытындыланып, дерек «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ-ы мен «Батыс жер қойнауы» Батыс Қазақстан өңіраралық геологиялық департаментінің қорына беріледі. Қазіргі кезде ҚР пайдалы қазбалар қорының мемлекеттік теңгерімінде Ақтөбе облысы бойынша 166 кен орны бар. Атап көрсетер болсақ, 11-і асыл металл (алтын), 6-ы түрлі-түсті металл (мыс, мырыш, қорғасын), 69-ы қара металл (темір, титан, марганец, никель, кобальт), 47-і жанатын пайдалы қазбалар (мұнай, газ), 33-і кенсіз пайдалы қазбалар (талшықтас, бром, боксит, фосфорит, қоңыр көмір, тальк), — деп хабарлады «Батыс жер қойнауы» Батыс Қазақстан өңіраралық геология департаменті.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбедегі негізгі пайдалы қазбалары қорының теңгерімі мынадай:
Хром 326,3 млн тонна
Мыс –1,7 млн тонна
Мырыш — 1,8 млн тонна
Алтын — 120,1 тонна
Күміс — 1,1 мың тонна
Темір кені — 3 млрд тонна
Марганц кені — 2,5 млн тонна
Никель — 986,9 мың тонна
Кобальт — 75,6 мың тонна
Титан (ильменит-цирконий) — 16,8 млн тонна
Цирконий (ильменит-цирконий) — 652 мың тонна
Қоңыр көмір — 1,6 млрд тонна
Мұнай — 345,7 млн тонна
Газ — 107,7 млрд текше метр.
Мұнай өндірісі азайды
Ақтөбе облысы аумағында 236 жер қойнауын пайдаланушы бар. Оның ішінде 52 жер қойнауын пайдаланушы 71 келісімшарт негізінде көмірсутек шикізатын өндіреді.
Ал 79 жер қойнауын пайдаланушы қатты пайдалы қазбаларды игереді. Оларда 15 келісімшарт, 206 лицензия бар.
— Кең тараған пайдалы қазбаларды игеріп отырған 105 жер қойнауын пайдаланушымен тікелей жұмыс істейміз. Оларда 54 келісімшарт, 89 лицензия бар. Мұнай-газ саласына келер болсақ, 2025 жылғы жоспар бойынша 4,1 млн тонна мұнай, 4,4 млрд текше метр газ өндіру жоспарланды. Биыл жеті айда 2,12 млн тонна мұнай өндірілді. 2024 жылы 4,3 млн тонна, 2023 жылы 4,4 млн тонна мұнай өндірілді. Салыстырмалы түрде алсақ, төмендеу бар, — деді облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібек.

Мұның екі себебі айтылды.
Біріншіден «Көкжиде» кен орнында мұнаймен қатар мол су қоры бар. Үкімет тапсырмасымен Энергетика және Экология министрлігі бірлесіп ұңғыма санын кезең-кезеңімен азайту жөнінде шешім қабылданған.
Екіншіден, Ақтөбедегі ең ірі мұнай компаниясы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы жыл сайын мұнай өндіру көлемін азайтып отыр.
Бұл компанияға да «Көкжиде» кен орнындағы ортақ шешім әсер еткен, сонымен бірге жаңа ұңғыма қазу көлемі азайды, кейбірінде бұл жұмыс мүлде атқарылмайды.
Шын мәнінде мұнай қоры табиғи азайып келеді. Қазір облыста бас-аяғы 15 компания мұнай өндірумен айналысады.
Ақтөбе әкімдігі жыл соңына дейін 8 ірі инвестициялық жобаны іске асыруды көздеп отыр. Биыл Қытай инвесторларымен кездесіп, 5 келісімшартқа қол қойды.
Олар металлургия, машина жасау, жасыл энергетика саласында. Мұғалжар, Әйтеке би, Хромтау аудандары мен Ақтөбеде зауыттар салынуы ықтимал.
— Кең тараған пайдалы қазбалар туралы ақпаратты әкімдік, ал қатты пайдалы қазбалар туралы ақпаратты министрлік береді. Кен орындары биыл қыркүйек айында аукционға шығады. Оның ішінде никель, марганец, кобальт бар. Никель-кобольт кенін игеруге 7 орын белгіленген. Қазіргі кезде токпен жүретін көліктерге сұраныс артқан кез. Литий-ионды батарея өндіруге де болады өңірде. Бұл орын да аукционға түседі. Бір ай бұрынғы ақпарат бойынша 14 кен орны аукционға шығарылады, — деді Досжан Әлібек.

«Болашақ» шахтасында өндіру технологиясы өзгереді
Ақтөбе облысы әкімдігінің ресми сайтында 4 ірі кен өндіру орнының жобасы жазылған. Былтыр Президент сапары кезінде ашылып, екі рет төтенше жағдай болған «Болашақ» шахтасының екінші кезеңі де бар.
Екінші кезеңі іске қосылса жылына 1,6 млн тонна хром рудасы өндіріледі. Жоба құны — 65 млрд теңге. Ал мамырда тоқтаған «Болашақ» шахтасының бірінші кезеңі шілдеді жұмысын қайта жандандырды. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі шахтадағы технологияны өзгертуге ұсыным берген.
Сонымен бірге «Kaz Geo Rud» компаниясы 280 млрд теңге инвестиция салып, «Лиманное» кен орнында жылына 1,2 млн тонна мыс рудасын игеруді жоспарлап отыр.
Бұған қоса «Altyn Ex Production» компаниясы «Юбилейное» кен орнында 207 млрд теңгеге тау-кен, металлургиялық комбинат салуды қолға алса, «West Gold Mining Limited» компаниясы «Қоскөл-1» кен орнында 7 млрд теңгеге алтын байыту фабрикасын тұрғызбақ. Оның жылдық қуаты — 300 мың тонна.

Еске салсақ, былтыр Ақтөбеде тікелей шетел инвестициясы екі есе азайып, 337,4 млн доллар болды. Жыл соңында 400 млн долларды құраған.
Демек былтыр 2023 жылғы межеге жете алмады. Ал биыл Үкімет 1 млрд доллардан асыруды тапсырды. Оның қорытындысы келер жылы ғана белгілі болады.
Ақтөбе әкімдігі инвестиция тарту көрсеткішін арттыру үшін «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағын да ашып отыр.
Биыл дәл осы аймақты құруға ресми рұқсат алып, акционерлік қоғам құрылды. Басты әкімшілік ғимараты қай жерде болатыны әзірге белгісіз.