Хромтауда инвестициялық аймақ құрылады
АСТАНА. KAZINFORM — Хромтау моноқаласында құны 400 млрд теңге тұратын 20 жобаны жүзеге асыруға арналған индустриялық аймақ құрылады. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров мәлім етті.

— Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай базасында жалпы ауданы 858 гектарды құрайтын арнайы экономикалық аймақ құру қолға алынды. Аталған аймақта кемінде 1,2 трлн теңгеге 40-там астам жобаны жүзеге асыру жоспарда. Сондай-ақ, Хромтау моноқаласында 400 млрд теңгеге 20 жобаны жүзеге асыруға арналған индустриялық аймақ құру жұмысы жүріп жатыр, — деді Асхат Шахаров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.
Айта кетейік, алдағы жылы Ақтөбе өңірі 1 трлн теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, алдағы жылы Ақтөбе облысындағы 24 ауыл газбен қамтылатыны айтылды.