Ыбырай Жақаевтың көп құрал-сайманы ауыл ұстасының қолынан шыққан

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — «Ақ күріштің атасы» атанған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев тұтынған заттар Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы өзімен аттас ауылдағы музейде сақтаулы тұр.

а
Фото: Аягөз Жақаеваның жеке архивінен

Даңғайыр диқанның немересі Аягөз Жақаева осында қор сақтаушы болып жұмыс істейді. Айтуынша, музей 1982 жылы ашылған.

Онда күрішшінің 1964 жылы облыс жастарына арнап жазған үндеу хаты, хат негізінде жақаевшылар қозғалысының құрылу кезеңі экспозицияланған.

Облыс көлеміндегі ізбасарлары және еңбек майталмандарының жетістіктерімен, жақаевшы жастардың екпінді еңбегімен танысуға болады.

а
Фото: Аягөз Жақаеваның жеке архивінен

Сонымен қатар жергілікті қолөнер шеберлерінің, өнер иелерінің бұйымдары, ата-бабаларымыз салт-дәстүрге байланысты тұтынған тұрмыстық заттар бар, ұзын саны 11 мыңнан астам экспонат қойылған. 

Аягөз Жақаева оның ішінде даңқты күрішші Сыр салысын баптап, өсіру кезінде қолданған бірнеше құрал-сайманның тарихына ерекше тоқталды. 

а
Фото: Аягөз Жақаеваның жеке архивінен

— Атамыз егіс басында өзі ұстаған кетпен бар. Көлемі — d-35 см, металдан жасалған. Үлкен әрі ауыр. Келушілер үлкендігіне қатты таңғалады. Ал егін, шөп ору үшін пайдаланған орағының қол сабы ағаштан, иіліп металдан құйылып жасалған. Еңбек құралының биіктігі — 41,5 см, ені — 33 см. Ендігі бір ерекше дүние — байтесемен Ыбырай атамыз күріштің арасында өскен шеңгел, арамшөпті шапқан екен. Ұзындығы — 22 см, ені — 5 см. Құрал-сайманын түгел біздің ауылда, яғни бұрынғы Қызылту колхозында тұрған ұста Сейтімхан Сахиев қолдан соққан. Ыбырай атаның ұрпақтары оларды музейге 1982 жылы сыйға тартқан, — деді қор сақтаушы. 

ертоқым
Фото: Аягөз Жақаеваның жеке архивінен

Музейден Ы.Жақаев ат үстін салған ер тұрманды да кезіктіреміз. Ол тері мен металдан жасалып, шегеленген.

Бұған дейін біз құрылғанына биыл 40 жыл толған, Шоқан Уәлихановтың балалық шағы өткен СҚО-дағы музейге саяхат жасағанбыз

а
Фото: Аягөз Жақаеваның жеке архивінен
а
Фото: Аягөз Жақаеваның жеке архивінен
а
Фото: Аягөз Жақаеваның жеке архивінен

 

Соңғы жаңалықтар