Игорь Лепеха қамауға алынған Қасымбаевтың ісіне қатысты түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жақында қамауға алынған Хасан Қасымбаевтың ісіне қатысты пікір білдірді.
«Қазір сол жерде біздің бір топ қызметкер жұмыс істеп жатыр. Мен бұл тақырыпты егжей-тегжейлі зерттемедім. Сондықтан оны тиісті басқармаға бағыттаған жөн. Қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталғаннан кейін, олар өзінің жауабын береді», - деді И. Лепеха Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар журналистер бұл іске полиция қызметкерлерінің қатысы бар-жоғын сұрады.
«Біздің қызметкерлерге қатысты мәселе қаралып жатқан жоқ. Жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты ол (Х. Қасымбаев) ауыр қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Барлық процессуалдық әрекеттерді біздің қызметкерлер бірінші кезеңде орындады», - деді министрдің орынбасары.
Таяуда Алматы облысының полициясы Хасан Қасымбаевты қамауға алды.
Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, Х.Қасымбаев 2021 жылы маусымда А. атты азаматты ұрлап, денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікпен ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Еске салайық, әлеуметтік желіде Хасан Қасымбаев қылмыстық топтың жетекшісі болуы мүмкін екені туралы ақпарат тарағаннан кейін ол бейнеүндеу жариялаған болатын. Онда Қасымбаев ешқандай қылмыстық топқа қатысы жоқ екенін айтты.