Сот шешімімен Хасан Қасымбаев 2 айға қамауға алынды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікпен ұсталған Хасан Қасымбаев сот шешімімен 2 айға қамауға алынды.
Бұл ақпаратты Алматы облысының Полиция департаменті таратты.
- Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде 2024 жылдың 2 қарашасында Қ. есімді азамат ұсталып, сот шешімімен 2 айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы қабылданды, - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз.
Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.
Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.
Сондай-ақ, құқық қорғаушы Айтбек Амангелді қаза тапқан жасөспірімнің отбасына адвокаттар тауып берді.
Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттеліп жатқанын жеткізді.
12 қазан түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
Сондай-ақ Бас прокуратура қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын мәлімдеді.
Кейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов өрт қылмысы бойынша айғақтар алынып, тиісті сараптамалар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін Ұлттық ұлан әскері жұмылдырылды.
15 қазан күні Талғар қаласының әкімі Бахыт Қуатбекұлы Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылды.
Артынша, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен қуылды. Ал, Талғар ауданының әкімі Танат Есенкелдіұлы Айдарбеков және оның орынбасары Айбек Дүйсембекұлы Бидаев сөгіс алды.
Ішкі істер министрлігінің өкілдері БАҚ қызметкерлеріне Шерзат Болат қаза тапқан жерде камераға түсіп қалған видеоны көрсетті.
Прокуратура соттың ашық өтуін сұрайтындарын жеткізді.
Артынша марқұм Шерзат Болаттың ісі бойынша Алматы облысының бірнеше жоғары лауазымды полиция қызметкері қызметінен босатылды.
Осыған дейін атышулы Хасан Қасымбаевтың ұсталғаны туралы жаздық.