Иранда тағы екі әуежай қайта жұмыс істей бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Иран Азаматтық авиация ұйымы ел астанасы Тегеранда орналасқан екі негізгі әуежайдың жұмысын қайта жандандырғанын хабарлады. Бұл туралы Синьхуа жазды.

а
Фото: Синьхуа

Бұл шешімге сәйкес, Тегеран қаласындағы халықаралық Имам Хомейни атындағы халықаралық әуежай мен Мехрабад халықаралық әуежайы жолаушылар рейстерін қайта қабылдай бастайды. Бұл туралы ирандық жартылай ресми Fars News Agency агенттігі хабарлаған.

Ведомство мәліметінше, 25 сәуірден бастап бірқатар қалаға да әуе қатынасы қалпына келтіріледі. Олардың қатарында Урмия, Абадан, Керманшах, Шираз, Керман, Решт, Йезд, Захедан, Горган және Бирдженд қалалары бар.

Сонымен қатар, бұған дейін Иран үкіметі Мешхед қаласынан халықаралық рейстерді қайта іске қосқанын мәлімдеген. Бұл қала елдің солтүстік-шығысындағы Хорасан-Резави провинциясында орналасқан.

18 сәуір күні елдің шығыс бөлігі халықаралық рейстер үшін қайта ашылып, әуе қатынасының біртіндеп қалпына келуіне жол ашылған еді.

Иран билігі бұған дейін қауіпсіздік жағдайына байланысты барлық азаматтық әуе рейстерін уақытша тоқтатқан болатын. Енді әскери және азаматтық органдар техникалық және операциялық дайындықты аяқтағаннан кейін әуе қатынасы толық қалыпқа келтіріледі деп күтіледі.

Осыдан бұрын Ресей БАӘ-ге және Иранның әуе кеңістігі арқылы ұшуға қойған шектеулерді алып тастағаны белгілі болды.

 

Соңғы жаңалықтар