Иранның жарылыс болған портының Қазақстан үшін маңызы қандай
АСТАНА. KAZINFORM - Иранның оңтүстігіндегі Бендер-Аббас қаласы маңындағы Шахид Раджаи портында жарылыс болып, 4 адам қаза тапты, 500-ден астам адам жарақат алды, деп хабарлайды IRNA.

Жарылыс сенбі күні болды, шұғыл қызмет өкілдері 561 адамның зардап шеккенін айтып отыр.
Өңірлік әкімшілік өкілі Фатеме Мохаджерани жарылыстың нақты себебі әзірге белгісіз, өрт толық сөндірілмейінше оны анықтау қиын екенін мәлімдеді. Алайда ол жарылысқа химиялық заттар салынған, портта тұрған контейнерлер себеп болуы мүмкін екенін мәлім етті.
Иран президенті Масуд Пезешкиан жарылыстан зардап шеккендерге шын жүректен жаны ашитынын айтып, олармен бірге екенін білдірді.
Х әлеуметтік желісінде жарияланған хабарламада президент жарылыстың себеп-салдарын бүге-шігесіне дейін тексеруді тапсырғанын жазды. Сондай-ақ ол оқиғаны тыңғылықты тергеп, зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстарын үйлестіру үшін жарылыс болған жерге ішкі істер министрін жібергенін айтқан.
Оқиға болған жерде Қызыл Жарты ай ұйымының шұғыл тобы жұмыс істеп жатыр. Жарылыстың себебі әлі анықталмаған, әлі тергеу жүріп жатыр.
Қазақстан үшін бұл порт қаншалықты маңызды ?
Шахид Раджаи порты елдегі барлық жүктердің 85% өңдейтін Иранның стратегиялық нысандарының бірі. Ол Үндістан, Иран, Ресей мен Еуропаны жалғайтын «Солтүстік-Оңтүстік» (INSTC) Халықаралық көлік дәлізі, сондай-ақ Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржол дәлізі (KTI) сияқты Орталық Азиядан Парсы шығанағына жүктердің транзитін қамтамасыз ететін халықаралық деңгейдегі көлік дәлізі ретінде маңызды рөл атқарады.
2024 жылдың маусым айында Қазақстанның Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин Иранның кеме жасаушы Golden Line компаниясының негізін қалаушы және президенті Али Акбар Эхсанимен кездесті. Кездесу барысында қазақстандық терминалды салу үшін Бендер-Аббас портынан 30 гектар жер бөлу жөніндегі ұсыныс талқыланды. Golden Line Орталық Азиядан Парсы шығанағына бағытты дамытуға және ол үшін жобаға инвестиция салуға дайын екенін жеткізген болатын.
2022 жылдың қарашасында Иран тарапы қазақстандық астықты тасуға қажет құрғақ терминал салу үшін Бендер-Аббас портынан 15 га жер беруге келісті. Енді порт әкімшілігі мен қазақстандық бизнес өкілдерінің қатысуымен астық сақтайтын қоймалардың мүмкіндігін зерделеу мен қандай көлемде астық тасуға болатынын білу үшін бірлескен жұмыс тобын құру жоспарланып отырған.
2024 жылдың қарашасында Иранның Қазақстандағы елшісі Бендер-Аббастағы қазақстандық терминалдың құрылысының тежелуіне алаңдаушылық білдірді. БАҚ өкілдерімен кездесу барысында елші аталған жобаның әзірге алға жылжымай жатқанын мәлімдеді.