Испания Ираннан елшілік қызметкерлерін эвакуациялады

АСТАНА. KAZINFORM — Испания сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес Тегерандағы Испания елшілігі қызметкерлерін сәтті эвакуациялағанын мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

Испания Ираннан елшілік қызметкерлерін эвакуациялады
Фото: freepik.com

Сыртқы саясат басқармасы басшысының айтуынша, елші мен дипломатиялық өкілдіктің негізгі қызметкерлері аман.

— Біз жақында ғана Ирандағы Испания елшілігін сәтті эвакуацияладық. Тегеранда қалған елші мен негізгі қызметкерлер Әзірбайжан шекарасынан өтті, — деді Хосе Мануэль Альбарес.

Ол Испанияның аймақтағы басқа дипломатиялық миссиялары, сондай-ақ дағдарыс орталығы тәулік бойы жұмыс істеп, жедел телефон желілері арқылы қоңырауларды қабылдауды жалғастыратынын айтты.

Осыған дейін Иранда шабуыл салдарынан 201 адам қаза тапқаны туралы жаздық. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, тағы 747 адам жараланған.

Айта кетейік, АҚШ пен Израильдің шабуылдары Ислам Республикасының 32 провинциясының 24-іне әсер еткен. Израиль әскери мәліметіне сәйкес, шамамен 200 жойғыш ұшақ Иранның батысы мен орталығындағы зымыран кешендері мен әуе қорғаныс жүйелеріне соққы жасаған. Бұл операция Израиль әскери-әуе күштері тарихындағы «ең ауқымды әскери ұшу» деп аталған.

Еске сала кетейік, Ирандағы 6668 азаматтық нысан АҚШ пен Израильдің шабуылына ұшырады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум