Испанияда 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салынбақ

АСТАНА. KAZINFORM — Испанияда 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге әлеуметтік желілерге қолжетімділікті шектеу жоспарланып отыр. Бұл ретте әлеуметтік платформалар жас мөлшерін тексеру жүйелерін енгізуге міндеттеледі.

Аустралияда жасөспірімдердің әлеуметтік желілердегі 5 млн аккаунты өшірілді
Фото: Азертадж

Агенттік Reuters-ке сілтеме жасап хабарлауынша, бұл туралы Испания премьер-министрі Педро Санчес сейсенбі күні мәлімдеді. Ол қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастыруға бағытталған бірқатар шараны жариялады.

Үкімет әлеуметтік желілерде өшпенділікке итермелейтін пікірлердің, порнографиялық контенттің және жалған ақпараттың кең таралуына бірнеше рет алаңдаушылық білдіріп, мұның жастарға кері әсер ететінін атап өткен.

— Біздің балаларымыз ешқашан жалғыз қалуға арналмаған кеңістікке тап болып отыр... Біз бұған енді төзе алмаймыз. Біз оларды цифрлық «Жабайы Батыстан» қорғаймыз, — деді Санчес Дубайда өткен Дүниежүзілік үкімет саммитінде сөйлеп, басқа еуропалық елдерді де осындай шаралар қабылдауға шақырды.

Айта кетейік, желтоқсан айында Аустралия 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салған алғашқы ел атанған еді. Бұл қадамды осындай жас шектеулерін енгізуді қарастырып отырған өзге мемлекеттер де мұқият бақылап отыр.

Испания премьер-министрінің айтуынша, келесі аптада әлеуметтік желі басшыларын заңсыз контент пен өшпенділікке арандату үшін жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы ұсынылады.Сонымен қатар алгоритмдерді манипуляциялау мен заңсыз контентті тарату қылмыс ретінде қарастырылмақ.

Бұдан бұрын өткен айда Франция Парламентінің Төменгі Палатасы 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салатын заң жобасын (130-ға қарсы 21 дауыспен) мақұлдағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар