Ыстанбұл мэрі Экрем Имамоглу арнайы операция кезінде ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның басты саяси қарсыласы Ыстанбұл қаласының мэрі Экрем Имамоглу мен оның баспасөз кеңесшісі Мұрат Онгун арнайы операция кезінде тұтқындалып, сотқа берілді. Іс бойынша барлығы 100 адам күдікті ретінде тергелуде. Бұл туралы CNN Turk хабарлады. 

Ыстанбұл мэрі Экрем Имамоглу арнайы операция кезінде ұсталды
Фото: Oxu.az

Бұған дейін Ыстанбұл мэрі Экрем Имамоглуды қамауға алуға ордер берілгенін хабарлаған едік. 

CNN Turk телеарнасы губернатордың тұтқындалу себебін хабарлады.

– Ыстанбұлдың оппозициялық мэрі Экрем Имамоглу сыбайлас жемқорлықпен, парақорлықпен және бопсалаумен айналысқан ұйымға қатысы бар деген айыппен қамауға алынды. Оның үйіне тінту жүргізіліп, полиция күзетімен сот ғимаратына жеткізілді, - деп хабарлады телеарна.

Прокуратура сонымен қатар сыбайлас жемқорлық, пара алу, алаяқтық және парақорлық жасады деген күдікке ілінген 100 адамды тұтқындауға, тінтуге және ұстауға бұйрық бергенін хабарлады.

Сондай-ақ осы аптада Ыстанбұл университеті Имамоглының дипломының заңсыз екенін анықтап, оны қайтарып алды. Қалалық прокуратура бұған дейін оның дипломының шынайылығын тексеруді талап еткен болатын.

Ыстанбұл мэрі оппозициялық Республикалық халық партиясы өткізген ішкі сайлауда президенттікке жалғыз кандидат болып сайланған. Ол алдағы президенттік сайлауда билік партиясының кандидатына басты бәсекелес бола алуы мүмкін еді.

Экрем Имамоглу 2024 жылдың сәуірінде Ыстанбұл мэрі болып қайта сайланған. Ол бұған дейін 5 жыл бойы қаланы басқарған.

Айта кетейік, Түркияның басқарушы партиясы елде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді қарастырып жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар