Ыстанбұлда жер сілкінісі салдарынан байланыс үзілді
АСТАНА. KAZINFORM - Мәрмәр теңізі жағалауында магнитудасы 5,0 балдық жер сілкінісі болып, оны мегаполисте миллиондаған адам сезді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің өз тілшісі.

Жерасты дүмпулері ұялы байланыс операторларының қызметінде уақытша қиындықтар тудырды.
Жергілікті уақыт бойынша сағат 14:55-те (Астана уақытымен 16:55) Текирдаг провинциясының Мармара Эреглиси қаласы маңындағы Мармара теңізі жағалауында магнитудасы 5,0 балл жер сілкінісі тіркелді.
Бұл туралы Түркия үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою басқармасы (AFAD) мен сейсмологиялық бақылаумен айналысатын Кандилли обсерваториясы хабарлады.
Жер сілкінісі Түркияның ең үлкен қаласы Ыстанбұлда сезілді. Тұрғындардың көбі жер сілкінісінің қайталануынан қорқып, үйлерінен және кеңселерінен шығып көшеге жүгірді. Қалада кей аудандарда ұялы байланыс уақытша істен шығап, халық арасында да дүрбелең туды.
GSM операторларының жұмысында да қиындықтар туындап, абоненттердің көбі туыстары және жақындарымен хабарласа алмады. Табиғи апаттан кейін телекоммуникациялық инфрақұрылымның жұмысының қиындауы бұған дейін де болған. Пайдаланушылар дүмпулерден кейін байланыс пен интернеттің үзілгенін айтып жатты.
Қазіргі таңда зардап шеккендер мен қирау туралы ақпарат жоқ. Құзырлы органдар елді сабыр сақтауға және ресми хабарламаларды тыңдап отыруға шақырды. Құтқару және төтенше қызметтер жерасты дүмпулерінің қайталануы мүмкін екенін айтып, жағдайға дайын болуға шақырды.
Мармара -Түркияның сейсмикалық белсенді аймақтарының бірі. Мұнда соңғы рет ірі жер сілкінісі 1999 жылы Измит қаласында болып, ол 17 мыңнан астам адамның өмірін қиды. Сарапшылар бұл өңірде қатты жерасты дүмпулерінің ықтималдығы жоғары екенін үнемі ескертіп келеді.
Бұған дейін Түркияның Кютахья провинциясында да жер асты дүмпулері тіркелгені хабарланған еді.
Осыған дейін Түркияның батысындағы Кутахья провинциясында 5,4 балдық жер сілкінісі болғаны туралы хабарладық.