Италия Иран елшісін СІМ-не шақырып, ұсталған журналистің босатылуын талап етті
АСТАНА. KAZINFORM – Сесилия Сала 19 желтоқсанда Тегеранда журналист болып жұмыс істеп жүрген кезінде қамауға алынған.

Бейсенбі күні Италия Сыртқы істер министрлігінің бас хатшысы Риккардо Гуарилья Иран елшісі Мохаммад Реза Сабуримен кездесу барысында отандасын тез арада босатуды талап етті. Бұл туралы ведомство мәлімдемесінде хабарланған.
– Рикардо Гуарилья Тегерандағы елшілік қызметкерлеріне Салаға баруға рұқсат беруді және оған «осы уақытқа дейін бас тартылған негізгі қажеттіліктермен» қамтамасыз етуді талап етті, - делінген хабарламада.
29 жастағы Сесилия Сала 19 желтоқсанда ұсталған. Шетелдік журналистерді аккредиттейтін Иранның Мәдениет министрлігі оның тұтқындалуына «Иран Ислам Республикасының заңдарын бұзу» себеп болғанын айтты. Министрлік бұдан басқа қосымша ақпарат бермеген.
Сала Иранға 13 желтоқсанда журналистік визамен келген, бірақ алты күннен кейін қамауға алынған.
– Бейсенбі күнгі мәлімдемеде Иранның Римдегі елшілігі Гуарилья мен Сабури «достық кездесуде» Сесилия Сала мәселесін талқылағанын айтты. Олар сондай-ақ «жалған айыппен Миланда түрмеде отырған Иран азаматы Мохаммад Абедини мәселесін де қозғады, - делінген елшілік мәлімдемесінде.
38 жастағы ирандық кәсіпкер Мохаммад Абедини желтоқсан айында АҚШ билігінің өтініші бойынша Милан әуежайында қамауға алынған. Олар оны АҚШ санкциялары туралы заңдарды бұза отырып, ирандық әскерилерге ұшқышсыз ұшақтардың навигациялық бөлшектерін жеткізіп берді деп айыптаған.
АҚШ-тың құқық қорғау органдарының өкілдерінің айтуынша, ол бөлшектер қаңтарда Сирия шекарасына жақын маңдағы иорданиялық әскери базаға ұшқышсыз ұшақпен жасалған соққы кезінде қолданылып, үш америкалық әскери қаза тапқан.
Иран бұл шабуылға қатысы барын жоққа шығарды, ал Сыртқы істер министрлігі Абединидің тұтқындалуын халықаралық құқықты бұзу деп атады.
Қазіргі уақытта Абедини Итальянда түрмеде отыр.
Бейсенбіде Италия премьер-министрі Джорджия Мелони Сыртқы істер министрі Антонио Таянимен, әділет министрі Карло Нордиомен және Италияның барлау қызметтерінің басшыларымен Сесилия Саланың ісі бойынша кездесу өткізді.