Италия Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігінде – Премьер-Министр
АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы Қазақстан мен Италия арасындағы екіжақты тауар айналымы 20 млрд долларға жуықтады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Италия-Қазақстан жеткізу тізбегі жөніндегі халықаралық форумында айтты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

– Бұл форум өткен жылы Президент Қ. Тоқаевтың Италияға жасаған сапары мен сол елде өткен табысты бизнес-форумда серпін алған стратегиялық әріптестігіміздің дамуындағы маңызды кезең саналады. Бүгінгі кездесудің Италия Премьер-министрі Джорджа Мелонидің Қазақстанға сапары қарсаңында өтуі де екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ортақ ұмтылысымызды айғақтайды. Бұл жоғары деңгейдегі кездесу – сауда, инвестиция және экономикалық ықпалдастық салаларындағы ортақ басым бағыттарымызды нақты айқындап отыр, – деді Олжас Бектенов форумның ашылуында.
Премьердің айтуынша, Қазақстан жаһандық және өңірлік жеткізу тізбектерінің маңызды бөлігіне айналу үшін инфрақұрылым, логистика және өндірістік әлеуетін белсенді инвестициялап келеді.
– Біздің елдер арасында өзара құрметке, сенімге және тұрақты дамуға негізделген терең байланыс қалыптасқан. Италия Қазақстанның ең ірі сауда серіктестері қатарында алғашқы үштікке кіреді. Біздің ынтымақтастық энергетика, машина жасау, химия, фармацевтика, инфрақұрылым және агроөнеркәсіп кешенін қамтиды, – деді Премьер-Министр. – Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 25%-ға өсіп, шамамен 20 миллиард долларды құрады. Соның ішінде Қазақстаннан экспорт көлемі 18 миллиардтан асқан. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында өзара сауда көлемі 4,4 миллиард долларға жетіп, экономикалық байланыстарымыздың берік екенін көрсетті.
Олжас Бектенов бұл көрсеткіштер екіжақты серіктестіктің мықты іргетасын білдіретінін, алайда толық әлеует әлі толық ашылмағанын атап өтті.
– Қазір Қазақстан стратегиялық тұрғыда жаңғыру процесінде: біз шикізат экспортына тәуелділіктен жоғары қосылған құны бар өндірістерге, технологияға басымдық беретін модельге көшіп жатырмыз. Басты мақсатымыз – жаңа жеткізу тізбектерін құру, бірлескен кәсіпорындар ашу, технологияларды дамыту және жергілікті өндірісті арттыру, – деді Үкімет басшысы.
Форум Қазақстан мен Италия компаниялары арасындағы жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылайтын негізгі алаңға айналмақ. Қатысушылар сауда мен логистика саласындағы ынтымақтастықты, соның ішінде барлық жеткізу тізбегі бойынша дамыту мәселелерін қарастырады. Кездесуге «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз», Eni, Maire Tecnimont, AnsaldoEnergia секілді ірі ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр.
Айта кетейік, сәуір айында Италия Премьер-министрі Джорджа Мелонидің Қазақстанға ресми сапары жоспарланған болатын. Бұл сапар аясында «Орталық Азия – Италия» атты алғашқы саммит те өткізілуі керек еді.
Алайда бұл сапар Рим Папасы Францисктің қайтыс болуына байланысты, италиялық тарап өтінішімен кейінге қалдырылды.