Итке бауыр басып қаламыз – кинолог
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Нұрымжан Дүйсенбеков Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мекеменің режим және күзет бөлімінде бақылаушы-кинолог болып еңбек етіп жүр. Kazinform тілшісімен әңгіме барысында ол кинолог мамандығының ерекшелігі туралы айтып берді.
Кейіпкеріміз бала күнінен итке жақын. Кинологияға қызығушылығын тудырған да – осы қасиеті. Сөйтіп, 2021 жылы Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында шекара қызметінде аға бақылаушы-кинолог болып еңбек жолын бастады.
- Сол кезде күшіктердің ішінен малинуа тұқымды бельгиялық овчарканы таңдап алдым. Жаңа күшікпен бірге Алматы қаласының Қараой ауданындағы кинологиялық орталықта төрт айлық академиялық оқу-жаттығудан өттім. Қызметтік итті із кесу бағытына баулып, өзім де кәсіби машықтарды меңгердім. Оқуды аяқтаған соң қайтадан шекара қызметіне оралып, үш жыл бойы шекара бұзушыларды ұстау және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қостым. Бұл кезең кәсіби тұрғыдан өсуіме, жауапкершілік пен төзімділіктің шынайы бағасын сезінуге мүмкіндік берді, - деді Нұрымжан Дүйсенбеков.
Ол бұған дейін бес итпен жұмыс істеген. Айтуынша, кинологтар күшіктерді туылғаннан кейін қызметтік бағыттарына қарай бөліп, төрт ай бойы арнайы жаттықтырады. Әр итті икемі мен қабілетіне қарай із кесу, қарауылдау, шабуылдау немесе жарылғыш заттарды анықтауға бейімдейді.

- Үйде төбет асыраймын. Бірақ үйдегі асыранды ит пен қызметтік иттің күтімі екі бөлек. Қызметтік иттерге барлық жағдай жасалған. Ыстық ауа райында күн сайын, ал суық мезгілде аптасына екі рет шомылдырамыз. Сонымен қатар ай сайын денсаулығын тексертіп, қажет болса, ем-дом жасатып тұрамыз. Мұндай күтім иттің сергек әрі қызметке әрдайым дайын болуына көмектеседі. Тағы бір айта кететін нәрсе, ит пен иесінің арасында ерекше байланыс орнайды. Қызмет барысында үйренісіп қалған ит иесіне бауыр басып кетеді. Сондықтан жаңа итке үйрету немесе бұрынғы итті басқа кинологқа беру оңай емес. Бұл – тек жұмыс емес, шынайы серіктестік пен сенімге негізделген қарым-қатынас. Ит күдікті затты байқаған күннің өзінде иесінің үйрету тәсіліне қарай әртүрлі белгі береді. Мәселен, бірі үреді, бірі отырады, енді бірі басымен меңзейді, - деді маман.
Кинологтың жұмыс күні 1-1,5 сағатқа созылатын таңғы жаттығудан басталады. Одан кейін із кесу, иіс тану, күзет учаскелерін бақылауға ұласады.
– Қызметтік иттің психологиясын, мінезін, қимылын түсініп, бағыт-нұсқау береміз. Олар да соған сай төңірекке түгел көз жүгіртіп, әр дыбысқа елең етіп, күмән туса, бірден белгі береді. Негізі қызметтік иттерді 7 айлығынан қолға үйрете бастаймыз, - деді кейіпкеріміз.
Уақыты келгенде қызметтік иттер де «зейнеткерлікке шығады». Мысалы, із кесуші иттердің қызмет атқару уақыты шамамен сегіз жыл екен. Кейіпкеріміз кинолог мамандығы өзін шыдамдылыққа, серігіне сенуді үйреткенін атап өтті.
Бұған дейін біз Шығыс Қазақстан облысында кинолог болып жұмыс істейтін Марина Цукановамен сұхбатты жариялағанбыз.