Израильдің СІМ Ирандағы наразылықты қолдайтынын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Израильдің ресми аккаунттарындағы белсенділік пен министрлердің мәлімдемелері Иранда жалғасып жатқан жаппай наразылықтар аясында көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Израильдің СІМ Ирандағы наразылықты қолдайтынын мәлімдеді
Фото: inss.org.il

Израильдің Сыртқы істер министрлігі X әлеуметтік желісіндегі парсы тіліндегі парақшасында Ирандағы наразылық акцияларын қолдайтыны туралы жазба жариялады. Бұл туралы The Times of Israel басылымы хабарлады.

Жазбада 1979 жылғы ислам революциясына дейін Иран туында қолданылған арыстан мен күн бейнеленген иллюстрация берілген. Арыстанның табаны құмсағатқа тіреліп тұр, ал оның төменгі бөлігінде қазіргі Иран туының белгісі салынған.

— Қараңғылыққа қарсы көтерілген ирандық арыстандар мен арыстандай батыр әйелдер. Жарық қараңғылықты түбінде жеңеді, — деп жазылған сурет астындағы мәтінде.

Сол аккаунттағы тағы бір жазбада наразылық білдірушілердің ортасында абдырап қалған Иран басшылығы бейнеленген сурет жарияланған. Суреттегі жазбада: «Олар Израильге арнап белгілеген күйреу уақыты енді өздеріне келді», — деп жазылған.

Израильдің ғылым және технология министрі Гила Гамлиэль де наразылықтарды қолдап видеоүндеу жасады. Ол Иранда болып жатқан жағдайды биліктің әлсіреуінің белгісі деп бағалады.

— Әйелдер мен ерлердің, жастар мен студенттердің, аналар мен әкелердің наразылығы орынды. Режим күн өткен сайын әлсіреп келеді, бұл — оның соңғы сәттері, — деді ол.

Бұған дейін Гамлиэль «Make Iran great again» деген жазуы бар бас киіммен түскен суретін жариялап, жазбада Иранның бұрынғы шахының ұлын — қазіргі билікті сынға алып жүрген тұлғаны белгілеген.

Осыған ұқсас мәлімдеме Израильдің диаспора істері жөніндегі министрі Амихай Чиклиден де түсті. Ол арыстан мен күн бейнеленген тумен өткен шерудің суретін жариялап, иран халқына қолдау білдірді.

Иранда экономикалық наразылық бірнеше күннен бері жалғасып келеді. Олар негізінен ұлттық валютаның күрт құнсыздануы мен бағаның өсуіне байланысты туындаған. Ел билігі диалогқа дайын екенін айтқанымен, сыртқы қысым мен ішкі істерге араласуға жол берілмейтінін атап өтті. Жергілікті дереккөздердің мәліметінше, соңғы қақтығыстар кезінде кемінде бірнеше адам қаза тапқан.

Сонымен қатар Иранның ресми тұлғалары елдегі экономикалық наразылықтар аясында АҚШ-қа қатаң ескерту жасап, кез келген сыртқы араласу ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер ретінде қабылданатынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар